Қарағандыда жарылыс болған пәтерде газ құрылғылары болмаған - ТЖД

Қарағандыда жарылыс болған пәтерде газ құрылғылары болмаған  - ТЖД
Сурет: Inform.kz

Барлау кезінде үш адамның мәйіті табылды

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі жарылыс болған пәтерде газ құрылғылары табылмағанын мәлімдеді. Төтенше жағдайдың себеп-салдары нақтылануда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 10 қаңтар күні сағат 21:29-да Қарағанды қаласында Республика даңғылы, 18/2 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. 16 қабатты бір кіреберісті 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-ші қабатындағы пәтерде жалпы алаңы 30 шаршы метр аумақта өрт шықты.

1979 жылы туған ер адам жанып жатқан пәтердің балконынан құлап, медициналық мекемеге жатқызылды.

Барлау кезінде үш адамның (екі ер адам мен бір әйел адам болуы мүмкін) мәйіті табылды. ТЖД күштерімен пәтерлерден 48 адам (оның ішінде 9 бала) шығарылды және 82 адам (оның ішінде 21 бала) эвакуацияланды. Сағат 22:55-те өрт оқшауланды. Оқиға орнына ТЖМ 88 қызметкері мен 23 техникасы жұмылдырылды.

«Газ жарылысы расталмады. Оқиға орнында газ құрылғылары табылмады. Ешқандай қираулар немесе құрылымдық бұзылулар жоқ. Жылу жүйелері бұзылмаған. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Эвакуацияланған тұрғындар туыстарына және қаладағы қонақүйлерге орналастырылады. Оқиға орнында психологтар жұмыс істеуде.

Тұрғындарды пәтерге қайтару мәселесі шешілуде.