Қарағандыда балалардың жаппай улануына инфекциялық аурулардың қатысы жоқ

Қарағандыда балалардың жаппай улануына инфекциялық аурулардың қатысы жоқ
Сурет: Primeminister.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Министрдің сөзінше, Қарағанды облысының Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауруханаға түскен 14 баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шығарылды.

«Қазіргі таңда олар сол орталықтағы дәрігерлердің бақылауында. Алты бала реанимация бөлімшесінде жатыр, төрт баланың жағдайы оң динамикамен ауыр жағдайда қалып отыр. Екі баланың жағдайы өте ауыр күйде. Жағдайдың ауырлығы неврологиялық және интоксикациялық синдромына, тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты болып отыр», - деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, осы оқиға бойынша республикалық және облыстық деңгейдегі мамандардың кеңейтілген консилиумдары күн сайын ұйымдастырылып жатыр.

«Министрлік зардап шеккен балалардың жағдайына мониторинг жүргізуді және медициналық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті эпидемияға қарсы және тексеру іс-шараларын жалғастырып отыр. Алдын ала эпидемилогиялық тексеру, зертханалық зерттеу нәтижелері аурудың таралу сипаты тамақтан уланудан болмағанын, сондай-ақ инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті. Бұл жағдайдың болуы себебіне тоқталсақ, дәрігер мамандар токсикалық заттан қатты улану деп пайымдайды. Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр. Балалардың жағдайы министрліктің ерекше бақылауында», - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде жатыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлағандай, ішек инфекциясына жүргізілген сынақ теріс нәтиже берді.