Қала тазалығы – ұлт тазалығы

Қала тазалығы – ұлт тазалығы
omsk.bezformata.com

Қала мәдениетi

 

Кез-келген қала тұрғындарымен көрiктi. Сондықтан қалалардың кең мағынадағы рухани-әлеуметтiк келбетiн қалыптастыру мемлекеттiк саясаттың құрамдас бiр саласы ретiнде ерекше бақылауға алынады.

Қазақстан  қалаларының әлеуметтiк келбетi мен рухани тазалығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Осыған  сай қала мәдениетiн қалыптастыру жолында кешендi шаралар да жүзеге асырылуда. Қаланың тазалығы – ол тұрғындардың рухани тазалығына байланысты екендiгiн  жыл сайынғы қала  әкімдерінің халықпен кездесулерiнде атап көрсетіліп  жүр. Бұл – еліміз  қалаларының  бәріне  ортақ  тақырып.

Бүгінде  еліміздің  барлық  облыс  орталықтары  өздерінің  шекараларын  бірнеше  есе үлкейтіп  отыр. Демек, қала әкiмдерінің қалаға қосылған елдi-мекендердiң келелi мәселелерiн шешу жолында кешендi ұсыныстар әзiрлеп,  тиiстi орындарға тапсырма беруi – ұзақ уақыт қордаланып келген түйiндi iс-жүзiнде жүзеге асыруға нақты жол ашатыны анық. Ол үшiн тәртiп пен тазалық қажет.

Жалпы, игiлiктi iстер, жақсы өнегелер қазiрден бастап бастау алғаны абзал. Осыған орай, қаланың барлық аумағында тұрақты түрде сенбiлiктер өткiзiп тұруды дәстүрге айналдырған жөн. Биыл  жалпықалалық сенбілікке қала жастары мен мекеме қызметкерлері бас қоса отырып, қаламызды қоқыстан тазартты. Бұл ерекше бастама. Қоғам белсенділерінің  бастамасына  атқарушы билік те үн қосып, үлгі-өнеге көрсетті.    Алматы  қаласындағы игiлiктi iстер елiмiздiң барлық қалаларына үлгi болды.  Қала белсенділерінің бастамасы  барлық жағынан өзге аймақтарға да ықпалын тигiздi. Бүгінде  қаламыздың тазалығы күн сайын атқарушы органдардың ең бiрiншi мiндетi саналып отыр.

Бүгiнгi қаланың сан қырлы мәдениетiн айтсақ, шешiмiн күтiп тұрған iс көп. Ең бастысы, бұл өзiмiз тұратын, еңбек ететiн, өзгелерге мақтаныш ететiн қаламыздың мәдениетi. Қаламызды сырттан өзге бiреулер келiп ластамайды. Қаланы күл-қоқыстардың мекенiне айналдырып жатқан өзiмiз. Тазаланған, кеше ғана қоқыстан арылған жердi бiлдiрмей, таза ұстау мәдениетiн игере алмай жатқан да өзiмiз.

Адамға қаншалықты қолайлы жағдай жасалған сайын ол жалқаулыққа, керенаулыққа салынуға бейiм тұратыны несi?! Күнi кеше сенбiлiкке шығып, тазаланған жердi бiр күн аралатып барып көрiңiзшi, ол жер бәз баяғы қалпына келiп, қоқысқа толып тұрады. Ол маң босаған құтылар, темекi тұқылдары, түрлi қалбырларға толып жатады. Тұрғындар күл-қоқыс төгетiн арнайы орындарға баруға ерiнiп, қоқыс қалдықтарын қалталарға салып, жол жиегiне тастай салуға бейiмделiп барады. Бұл – қала келбетiн сиықсыздандырып тұрған бiр ғана мысал.

Бұрын кез-келген көпқабатты үйлердiң кiре берiсiндегi бей-берекетсiз шашылып жатқан тегiн таратылатын жарнамалық газеттерден аяқ алып жүре алмайтынсыз. Оны уақытылы жинап алып жатқан адамды да көрмейтінсiң. Қазір ол сап тиылған, қаламыз да таза.

Қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесiне қарайтын күл-қоқыс төгетiн арнайы орындардың да жағдайы да бақылауға алынған. мәз емес. Уақытында тазаланып, тұрмыстық қоқыс қалдықтарының жатуына жол берілмейді. Оның экологиялық әсерi тұрғындарға  өз зардабын тигiзетінің қала шаруашылығы жақсы біледі. Бұл туралы  қала әкiмдiгiнде  арнайы мәжiлiс болып, арнайы шешiм қабылданған. Осыған орай тазалық жағдайын бақылайтын «Жасыл патруль» атты арнайы қозғалыстағы көлiктер жолға шығарылған.

Бүгінде қалалардың  тұрақтылығын  қамтамасыз  ету  үшін ақылды  технологияларды  енгізу  мен  заманауи  урбанизация  жағдайында  көлік  жүйесін  басқару  технологиясын  жетілдіру  жедел қарқынмен жүргізілуде. Бұл – қала  өміріндегі  басты  қажеттілік. Осы жылы маусым айында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы  пайдалануға беріледі.  Ұзындығы 66 шақырымды құрайтын үш жолақты  І-А санатты бұл жол ТМД мемлекеттері ішінде  бірегей  жол  болып отыр. Ол  алғашқы болып Алматы  қаласында жүзеге асырылып отыр. Жан-жағы  абаттандырылған бірегей жол Алматы облысы мен Талғар, Іле аудандарына бағынысты 14 елді-мекенді басып өтеді.    Мұның өзі жергілікті  тұрғындар мен қала қонақтары үшін  қолжетімді болмақ.   

Тазалық – мәңгілік тақырып.  Оның әлемдік өз стандарттары бар. Өзге елден келетін қонақтардың да басты назар аударатыны қала тазалығы. Қала тазалығы дегенде материалдық, заттық құндылықты алдыңғы кезекке түсiрудiң қажетi жоқ. Қалалықтардың кез-келген қоғамдық орындарда өздерiн байыпты ұстауы да қала мәдениетiнiң бiр көрiнiсi болып табылады.

Бұл туралы қасиеттi Құран Кәрiмнiң «Әғраф» сүресiнде де айтылған. Онда «көркем ел, көркем қала» туралы да жан-жақты баяндалады. Онда мемлекет пен қаланың «Көркем ел» болуы үшiн алты шартқа жауап беру қажеттiлiгi ескертiлген. Алғашқы шарт бойынша, «Жақсы (көркем) елдiң» (жерi құнарлы болса да, құнарсыз болса да) өсiмдiгi Раббының қалауы бойынша молынан өнедi, екiншi шарт бойынша, «Көркем елде» баянды бейбiтшiлiк орнығуы тиiс, үшiншi шарты бойынша, «Көркем елдiң халқы байсалды, байыпты болып, төзiмдiлiкпен өмiр сүруi қажет, ол тiршiлiк көзiн бейберекет iздеп, өзге жұрттар iспеттi қаңғып жүрмеуi тиiс, төртiншi шарт бойынша, «Көркем елдiң» ырыс-несiбесi әр жақтан молынан келiп жатуы қажет, бесiншi шарт бойынша, Аллаһтың берген нұр шапағаты мен нығметтерiне шүкiршiлiк жасауы мiндеттi, алтыншы шарты бойынша, Ел Әмiршiсiнiң iзгi болуы аңсат. Бұл шартты қарастырғанда «Көркем ел» үшiн ғафу етiлген бес шарттың орындалуы елдiң патшасына тiкелей байланысты көрiнедi. Бұл жолда қателескен жерiмiз жоқ. Соңғы жылдары қалалардың абаттануы жедел қарқынмен жүргiзiлуде. 

Тарихи даму тенденциясынан белгiлi үлкен қалалардың дамуының өзiндiк үрдiстерi мен ерекшелiктерi болады. Бұл қалыптасқан қағидадан елiмiздiң  оңтүстігінде орналасқан ірі  мегаполисi – Алматы  қаласы  тыс қалмайды.

Еліміздегі  әлем  нарығына шығатын  өндірістің ең  маңыздысын да Алматы  аймағы  құрайды. Бүгінгі  таңда   Алматы еліміздің  оңтүстік аймағы   арқылы  Орта Азия  аймағына  еркін  шыға  алады. Мұның  өзі Алматы   қаласының  жүйе  түзуші алып мегаполис  ретіндегі өзіндік  орнын  айқындай  түседі. Осындай  артықшылықтар  Алматының   көлік-логистика  орталығы  ретінде айрықша  жедел  қарқынмен   дамуына  жол ашады.

Бүгiнгi таңда Алматы  қаласы  қоғамдық коммерциялық емес, бiрлестiк ретiнде халықаралық астаналар мен iрi қалалар Ассамблеясының (ХАҚА) толыққанды мүшесi болып табылады. Демек,  Алматының көркемдiгiн әлi де ойлана түсу, оны жетiлдiре түсу керек сияқты. Қалада жаңадан бой көтерген үйлердiң тығыз орналасуы, аулада кiсi демалатын орындардың болмауы тынысымызды тарылтып бара жатыр, деп өз қиналыстарын білдіруде. Халық аулада тұрған автокөлiктердiң ара-арасымен пәтерлерiне жар жағалап әрең жететін   жағдайлар да  бар. Бұған енді қала билігі жол бермейтін болады.

Алматы  соңғы жылдары қанатын үздiксiз жайып, ұлғайып келедi. Ол қала маңындағы елдi-мекендердiң бәрiнiң басын бiрiктiрiп отыр. Бұл бағытта алда орасан жұмыстар күтiп тұр.

Ғасыр басынан Алматы  қаласы  маңайындағы  елді-мекендерді өзіне сіңіріп алды. Қала  маңындағы  елді-мекендерден  өндірістік  әлеуеті  мол  қала – Алматыға  көшіп  келушілердің де ықпалы бар. Соның  ықпалымен   қала  төңірегінде  тұтастай  елді мекендер мен  ауылдар  пайда  болды.  Бұрын сәулетшiлер  құрылыстың күрделiлiгiнен қашқақтап, тұрғызуға жеңiл қаптамалы жеңiл жобасын жасауға бет бұрған болса, қазір сапалы құрылыс материалдарына көңіл бөлініп отыр. Дегенмен  әр сәулетшi қаланың эстетикалық талғамын ойлауы тиiс. Жаңа ауданда бой көтеретiн үйлердiң қоршаған орта эстетикасын қалыптастыруға тигiзетiн әсерiн сәулетшiлер ойластырғанымен, жекелеген фирмалар өздерiне қолайлы жобасын таңдап жатады. Осыдан келiп, қаланың ансамблi бұзылатын жағдайлар көп кездесетін. Енді оған жол берілмейді.

Адамның бар өмiрi табиғат аясында өтедi. Сол ортаның адамның өмiр сүруiне қолайлы, жайлы болуы – оның iс-қимылы, өмiрi үшiн өте қажеттi. Сәндi де салтанатты үйлердiң өзара үйлесiмдiлiк табуы қашанда адам өмiрiн нұрландыра түседi.

Елiмiзге келген шетелдiктердi қазiр үлкен зәулiм ғимараттармен қызықтыра алмайсың. Олар келген бойда өздерi көңiл қойған ғимараттың жасын сұрайды. Төрт бұрышты, әйнектен салынған үйлерге тiптi де жоламайды. Оларды өздерi бұрын-соңды көрмеген экзотикалық таңғажайып қызықтырады. Ана бір жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан Мемлекеттiк университетiнiң ұстаздары киiз үйдiң осы заманға сай үлгiсiн ойлап шығарды. Бағзы замандардан берi ата-бабаларымызға баспана болған қараша үй жаңа еуроүлгiдегi құрылыс материалдарынан жасалған. Құрастырылуы да жеңiл. Қабырғаларының iшi жылы болуы үшiн буылған қамыс пайдаланылады. Төбесi черепицамен жабылған. Киiз үй үлгiсiнде тұрғызылған үйдiң алдына колонна орнатылады. Қыста жылы, жазда салқын. Жаңа үлгiдегi киiз үй туристер жайланатын қалашық жасауға да өте қолайлы көрiнедi. Жалпы, аумағы ас үй, жатын бөлме, демалатын холы бөлек орналасқан. Алда туризм кластерiн дамытамыз десек,   қаламызда   орнатуға бұл үйлер  өте тиiмдi болар едi. Әлем елдерi қалаларына барғанда сол жердiң халқының исi сезiлiп тұрады. Бiз де соны қалаймыз.