Кәсіпкерлердің жалған мәмілелеріне тосқауыл қойылмақ

Кәсіпкерлердің жалған мәмілелеріне тосқауыл қойылмақ
Сурет: Mfc-list.info

Адал кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін қашықтан бақылау» енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Бұзушылықтардың алдын алу фискалдық бақылау, оның ішінде тексерулер кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жақсарту жолымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, орындалмаған камералдық хабарламалар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануды кеңейту және қосылған құн салығын қайтару кезінде тексеру жүргізбей тәуекелдерді бағалау ұсынылады. Электрондық шот-фактураларды онлайн мониторингтеу жолымен жалған мәмілелерді жасауға тосқауыл қойылады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректері негізінде барлық хабарламаларды орталық деңгейде автоматтандыру жоспарлануда», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, салық төлеушілердің өз контрагенттерін дербес тексеруі үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл сот талаптарының санын азайтады.

«Бұдан басқа, адал кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін бизнеспен қарым-қатынастың жаңа түрі - «қашықтан бақылау» енгізілетін болады. Ірі бизнеспен қашықтан өзара іс-қимыл жасауға негізделген «деңгейлес мониторингті» қолдану кеңейтілетін болады», - деді Ержан Біржанов.