Риддер жылу электр орталығындағы стансада тағы да апат болды

Риддер жылу электр орталығындағы стансада тағы да апат болды
Сурет: Ашық дереккөзі

ЖЭО басшылығының кінәсінен жағдай тағы қайталанды

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жылу электр орталығындағы багер станциясында апат болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Риддердегі жылу электр орталығы басшылығының немқұрайдылығынан багер станциясы қайтадан су астында қалды. Дәл осындай жағдай өткен жылдың 5 қарашасында болған. Сол кезде мердігер ұйымдардың қызметкерлері мазутты сорып алып, барлық агрегаттардың жұмысын қалпына келтірген еді. Алайда, ЖЭО басшылығының кінәсінен жағдай тағы қайталанды. Қазір багер станциясында апатты жою жұмыстары жүргізілуде», - дейді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, 4 мотопомпа, 4 суасты сорғы іске қосылды.

Төтенше жағдай жөніндегі штабтың ақпаратына сәйкес, 3-4 сағат ішінде апат салдары жойылады.

«Риддер тұрғындарына алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл жағдай орталықтың жұмысына әсер етпейді. Резервтік жабдық қосылған. ЖЭО-дан жылу беру кесте бойынша жүргізіледі. Штаб мамандары апаттың себептерін анықтап жатыр», - деді Даниал Ахметов.