Тауарларды бақылап отыру жүйесі жетілдіріледі

Тауарларды бақылап отыру жүйесі жетілдіріледі
Сурет: Inventure.com.ua

2023 жылы Салықтық әкімшілендіру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Тауарларды бақылап отыру жүйесін одан әрі жетілдіретін боламыз. Оның аясында салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерін толық интеграциялау жоспарлануда. 2023 жылдың соңына дейін Салықтық әкімшілендіру жүйесі және Интеграцияланған деректер базасы тәжірибелік пайдалануға енгізіледі. Кейіннен бұл жүйелер «Астана-1», «Е-терезе» және кедендік әкімшілендірудің жаңа жүйесімен интеграцияланатын болады. Сонымен қатар, белсенді қызметтерді алдын ала көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін біз екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланамыз. Нәтижесі салық салу жүйесін оңайлату, оның ішінде қызметтерді аутсорсингке беру және өз сервистерімізді дамыту болуы тиіс», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, биыл бір терезе қағидаты бойынша Ахуалдық орталық пен Электрондық декларациялау орталығын біріктіру жолымен Бас диспетчерлік басқарма құрылды.

«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында орналасқан 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу пункттерін жаңғырту жүргізілуде. Жаңғыртылған өткізу пункттерінде интеграцияланған кедендік бақылау жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, навигациялық пломбалар кеңінен қолданылатын болады. Бұл жалған транзитті болдырмайды», - деді Ержан Біржанов.