Jauhar ұлттық музыка  жобасын көпшілікке таныстырды

Jauhar ұлттық музыка  жобасын көпшілікке таныстырды
Almaty-akshamy.kz

 Ұлттық құндылық дәріптелді

Алматыда заманауи өнер кеңістігі Jauhar ұлттық музыка  жобасын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Jauhar  жобасының мақсаты - ұлттық музыканың тұрақты заманауи платформасын қалыптастырып, дәстүрлі ән-күй мектептерін жастар арасында кең тарату. Жоба аясында еліміздің ұлттық музыка мектептерін толығымен қамту жоспарланған. Jauharдың алғашқы кезеңінде Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілдерін насихаттау көзделді. Осы ретте жобаға Амандық Көмекұлы, Ұзақбай Сахиев, Жеткізген Сейітов, Ахмет Байекешов, Арғын Бисенұлы, Аманбек Сәуірбаев, Оңдасын Қалқан, Оспан Құлсымақов, Ризабек Серік, Бақдәулет Толыбекұлы секілді 10 жыршы қатысып,  Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрым, Аралбай т.б ақын-жыраулардың шығармалары орындалды.

«Ұлттық өнеріміздің қайнар бұлағы – дәстүрлі ән-күй мектептерінде жатыр. Осы рухани байлығымызды қазіргі замандық медиа мүмкіндіктеріне икемдеп, заманауи дыбыс және видеотүсірілім ұйымдастырдық, бұл жұмысқа отандық үздік  мамандарды тарттық.  Бұл сапалы контент  жас буынның  ұлттық музыкаға деген оң көзқарасын қалыптастырады деп сенеміз», - деді жоба продюсері Тоғжан Құрманжанқызы.

Jauhar  жобасының алғашқы маусымы 10  эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір жыршының шығармашылығын қамтиды, хронометражы 35-40 минут. Жыл аяғына дейін барлық музыкалық стримингтік платформаларда 10 музыкалық альбом жарияланып, тегін тыңдау мүмкіндігі қоса берілмек.

Тұсаукесер рәсімінде ÖzgeEpic  заманауи өнер кеңістігінің ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай: «Ұлттық музыкамыздың тұрақты платформасын қалыптастыру арқылы  біз өз деңгейімізде өнеріміздің түрленуіне, дамуына жол ашпақпыз. Халықтың рухани мұрасы цифрлы әлемде мол қорын жасақтап, өз орнын иеленгенде ғана болашаққа батыл көш түзейді. Сондықтан да жылдарға созылатын бұл жобамыз жыршылық, күйшілік мектептердің жас тыңдарманын арттырып, соны серпін береріне сенімдіміз», - деді. 

Jauhar ұлттық музыка жобасы 27 қарашадан бастап Youtube  платформасындағы Jauhar  live каналында ұсынылады.

ÖzgeEpic  өнер кеңістігі бұған дейін заманауи қазақ музыкасын дамытуға бағытталған Jangyryq жобасын жарыққа шығарды.