Грузия астанасында Абайға ескерткіш орнатылды

Грузия астанасында Абайға ескерткіш орнатылды
Сурет:GOV.KZ

Екі ел арасындағы достығымыздың тағы бір нышаны болары сөзсіз.

Грузия астанасында Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды. Оның ашылу салтанатына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған іс-шара Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

«Бұл екі ел арасындағы достығымыздың тағы бір нышаны болары сөзсіз. Абай мұрасы тек біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін зор құндылық болып табылады. 2020 жылы біз Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Көрсетілген осынау құрмет үшін Грузия Үкіметі мен халқына алғыс айтамын» , – деді Қайырбек Өскенбаев.

Тбилисиге жұмыс сапарымен барған министр Грузияның Вице-премьері, Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвилимен кездесті. Келіссөздер барысында көлік, ақпараттық технологиялар және инновациялар саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары сияқты маңызды мәселелер қозғалды.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда қатынастарын ұлғайтуда айтарлықтай әлеует байқалады. Министр бүгінгі таңда қазақстандық компаниялар металлургия, мұнай-химия, тамақ және машина жасау салаларында өңделген тауарларының Грузияға экспортын арттыруға дайын екенін атап өтті. Олардың қатарында фармацевтика мен құрылыс саласы да бар.

Сондай-ақ, министр Грузияның Қорғаныс министрі Бурчуладзе Джуаншермен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының жұмысына қатысуды жоспарлап отыр.