Ғылымды қаржыландыру үш жылда үш есе өседі

Ғылымды қаржыландыру үш жылда үш есе өседі
malim.kz

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында алдағы үш жылда ғылымды дамытуға 640 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетінін айтты

«Өңірлерде ғылыми жобаларды коммерцияландыру деңгейі төмен. Отандық технологияларды нақты секторға енгізуде қандай кедергілер бар?», - деп сұрады Премьер-Министр Әлихан Смайылов министрден.

Саясат Нұрбектің сөзіне қарағанда, мұның тарихи себептері бар.

«Шын мәнінде, қазіргі таңда өңірлерде коммерцияландыру деңгейі төмен. Бұл жерде тарихи түсіндірме бар. Бізде қазір негізгі жоғары оқу орындары, негізгі ғылыми зерттеу институттары Алматыда шоғырланған. Студенттеріміздің 30 пайызы, ғалымдарымыздың 40 пайызы сонда», - деді министр.

Ведомство басшысы ғалымдар ойлап тапқан технологияларды нақты секторға шығару мәселесін үш бағытта пысықтауға болатынын айтты.

«Біріншісі – заңнамалық бағыт. Қазіргі таңда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданып жатыр. Енді жергілікті атқарушы билікке ғылымды коммерцияландыру, қаржыландыру құзыреті беріледі. Әр өңірдің жылдық ғылыми зерттеу жоспары құрылады. Яғни, әкімдерге біз осындай міндеттеме беріп отырмыз», - деді ол.

Екінші бағыт – өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуетін дамыту.

«Coursera курстары, «цифрлық университет» бағыттары, академиялық ұтқырлық және академиялық басымдық өңірлік университеттерге бағытталады. Үшінші үлкен бағыт – қаржыландыру. Келесі 3 жылда ғылымды қаржыландыру 3 есе өседі. Биыл 150 млрд теңге, келер жылдары 240 млрд теңге, яғни, үш жылдың ішінде біз 640 млрд теңгеден астам инвестиция құямыз. Оның басым бөлігі өңірлік университеттерге, өңірлік ғылымға бағытталады», - деді Саясат Нұрбек.