Футболдан қыздарымыз Арменияны ойсырата жеңді

Футболдан қыздарымыз Арменияны ойсырата жеңді
Сурет: ашық дерекөз

«Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Арменияны қабылдады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Бұл Қазақстан командасының УЕФА-ның Ұлттар лигасындағы соңғы, алтыншы матчы еді.

Бірінші таймда 40-минутта Қазақстан құрамасының капитаны Юлия Мясникова есеп ашты.

Екінші кезеңнің 48-минутында Аида Гайстенова есепті 2:0-ге жеткізді. Араға он минут салып Ю.Мясникова екінші голын соқты. 68-минутта Армения ойыншысы Клаудия Чолакян айып добын орындады. Доп Қазақстан қақпашысы Ангелина Портнованың арқасына тиіп, қақпаға кіріп кетті. Ал арадан үш минут өткенде, яғни  матчтың 71-минутта Камила Құлмағамбетованың қақпаға бағыттаған добы нысанаға тиіп есеп – 4:1 болды.

Алты турдың қорытындысы бойынша Мадияр Кембілов жаттықтыратын Қазақстан С4 тобында 8 ұпаймен үшінші орынға ие болды. Израиль (16 ұпай) көш бастаса, Эстония (10 ұпай) екінші сатыға жайғасты. Ал Арменияда бірде-бір ұпай жоқ.