Енді адамдар Конституциялық сотқа тікелей шағымдана алады

Енді адамдар Конституциялық сотқа тікелей шағымдана алады
Сурет: 24.kz

Бұл туралы Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми айтты.

Келесі жылдан бастап жеке адамдар Конституциялық сотқа тікелей шағымдана алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мәми 5 маусымда өткен референдум еліміз үшін айрықша мәні бар тарихи оқиға болғанын атап өтті. Айтуынша, конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашты.

«Жеке адамның құқығын қорғау әрі қарай күшейтілді. Осы реформа аясында Конституциялық кеңес орнына Конституциялық сот құрылатын болды. Келесі жылдан бастап жеке адамдар Конституциялық сотқа тікелей шағымдана алады», - деді ол.

Сондай-ақ, реформа аясында Президенттің тікелей ұсынысымен Конституциялық сотқа жүгіну субъектілеріне Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қосылды.

«Жоғарыда аталған өзгерістер елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау жүйесін әрі қарай тереңдетуге жол ашты. Конституциялық реформа аясында болған жаңалықтар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Аталған өзгерістер жеке адамның Конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейтуді қолдайды», - деді Конституциялық кеңес төрағасы.

Айтуынша, қазір «Конституциялық сот туралы» Конституциялық заң әзірленіп жатыр.