Есірткіге еліткендер көбейді

Есірткіге еліткендер көбейді
Сурет: интернеттен

Биылғы он айда қалада 797 адам тұңғыш мәрте динамикалық бақылау (есепке алу) тізіміне тіркелді.

Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда   4,8%-ға (2022 ж. - 760 адам) көп, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматыда халық  арасында жүргізілген профилактикалық тексерулер  нәтижесінде  наркологиялық дертке шалдыққандар бойынша жаңа деректер  анықталған.

Сонымен бірге биыл  Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының мамандары ІІБ-де  әкімшілік бұзушылық үшін  ұсталған адамдар арасында  нашақорлық пен маскүнемдікке шалдыққан науқастарды да анықтаған. Жыл басынан бері психологтар полиция басқармасында 48 оқиға бойынша  пациенттерге медициналық, психологиялық көмек көрсетті және орталыққа емдеуге жолдама берген.

Бұл туралы Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында брифингте Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев хабарлады.

Өкінішке қарай жасөспірімдер арасында наркологиялық кеселді  ертерек  анықтауға қатысты мәселе әлі  шешілген жоқ. Себебі  жасөспірімдердің ата-аналары  мектептерде есірткі/психобелсенді заттарды (ПБЗ) қолдану бойынша зерттеулер (тестілеу) жүргізуге қарсы. Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында биылғы 11 айдағы көрсеткіш бойынша  4599 адам наркологиялық есепте тұр. Көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 212,1 – ге тең, бұл өткен жылғы деңгейден 0,5% - ға төмен (2022 ж. - 4572 адам).

Оның ішінде кәмелетке толмағандардың саны 16 (2022 ж. – 18 жасөспірім).

Алкоголизмге тәуелді  3438 адамның 2 кәмелетке толмаған . Жалпы өткен жылмен салыстырғанда статистикалық көрсеткіш бойынша маскүнемдікпен тіркелгендер арасында  өзгеріс жоқ.  (2022 ж. - 34 адам).

Нашақорлықпен  1161 адам динамикалық бақылауға алынған. Бұл 2022 жылғы  осы кезеңмен салыстырғанда  23% - ға артық (2022 ж. - 1138 адам), оның ішінде 14 бұғанасы қатпаған балалар  ,- дейді орталық директоры Сапар Рахменшеев.

Биыл есепте тұрған  есірткіге тәуелді тұрғындардың саны артыпты. Орталық басшысы мұның себебін  "Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №240 қаулысына өзгерістер енгізіле отырып,  66 - тармақта "Трамадол" - опиоидты анальгетик  ("дәріханаға тәуелділікпен"күресу мақсатында)  деп енгізілгеннен бері халықтың психикалық сауықтыру орталығының қызметіне  жүгінуі жиілеуімен  түсіндірді.

Тәуелділікті емдеудің алғашқы қадамы- өз еркіндігіңіздің жоқтығын түсіну. Адам өзінің тәуелділіктің құрбаны екенін, өзін – өзі басқара алмайтынын, ал тәуелділік оны басқаратынын мойындауы керек. Тәуелділікті жеңуге деген ұмтылыс пайда болғанда ғана дәрігерге де, адамның өзіне де тәуелділікпен күресуге мүмкіндік пайда болады.

Екінші қадам-психиатр (психиатр-нарколог) немесе психотерапевт маманға жүгіну керек.

Дәрігер емдеу тактикасын (дәрі-дәрмекпен уытсыздандыру және қалпына келтіру емімен стационарлық), сондай-ақ оңалтуды, психотерапевттермен және психологтармен жұмысты анықтайды.

Тәуелділікті емдеу арнайы медициналық дайындықты (білім беруді) қажет етеді. Мамандандырылған ауруханаға, яғни психикалық денсаулық орталығына хабарласуыңыз керек.

Емдеу кезінде науқастың дәрігерге сенгені  өте маңызды. Емделуші мен  дәрігер арасында  сенімді қарым-қатынас болмаса  тәуелділікті жеңу өте қиын болады.

Лудомания және одан емдеу қазіргі таңда өзекті және өткір мәселе.

Құмар ойынның тұтқынына айналған адам  күйзеліске  ұшырайды және қалыпты  өмір сүруге қауқарсыз, жігерсіз болады. Емдеу неғұрлым ерте басталса, тәуелділікпен күресу де тиімді болмақ, - дейді қаланың бас психиатры Сапар Рахманшеев.