Ерекше сілкініс

Ерекше сілкініс
qalamger.kz

«ALMATY AQSHAMY» – 35  «Ақшам» ардагерлері

1988 жылы «Алматы ақшамы» ашылғанда ел-жұрттың санасында ерекше бір сілкініс пайда болды. Бұл – кеңестік жүйенің күні бітіп, Желтоқсан өтіп, тәуелсіз ел боламыз деп желпініп жүрген алақұйын шақ еді. Мен аяқастынан газетке редактордың орынбасары боп келдім. Газет күн бата шығады. «Вечерка»-ға көздері үйренген жұрттың, әсіресе, зиялы қауымның жүрегі «Алматы ақшамы» деп соға бастады, жүре келе «Ақшам» дейтін болды. Тәуелсіздік табалдырығынан тәй-тәй басқан қазақы көңілдер өз түтінінде шалқып отырып қанағат сезіммен «Ақшамды» оқыды, дүңгіршектен таппаса, редакцияға кеп алып кетіп жүрді.

Журналистер де сайдың тасындай еді. Қанат Қайымов, Раушан Имашева, т.б. қыз- жігіттер әртүрлі тақырыптарды қозғап, тыңға түрен сала бастады.

Өзім осы «Ақшамда» жүргенде «Көзбояуы жоқ көріністер» циклын бастадым. Жұртшылық жылы қабылдады. Кітап кейінге қалып, қалта телефон қылтиып қолға ілігіп, ел-жұрт интернетке иіле бастаған шақта өмір көріністерін бірсыдырғы қабылдау да өзгеріске ұшырады. Осы сәттегі көңіл күйді тап басып, өмірдің күнгейі мен көлеңкесіне бір сәт баға беру міндет болды. Қайта құру мен тәуелсіздік арасындағы осындай екіұдай сезім біздің санамызға да алай-дүлей өзгерістер әкелді, «қашанғы талтайып тұрамыз?» деген әулекі сөздің шыққан кезі де осы шақ.

Тіпті, айтыс ақындарының «қайта құру дегенім – қайта құру, атымды қайта ерттеп, қайта міну» деп төпеп, уақыттың қосын жеккені де көз алдымызда. Бірақ қайта ерттелген ат пен атырылып алға шыққан сәйгүлікті көре қоймадық, халық жалаң сөз бен жадағай ұранның тасасында қала берді. Осындай көңіл күй «Көзбояуы жоқ көріністер»-дің арқауы болды. Б ұ л жазбаларды тек «Ақшамға» ғана жариялап жүрдім.

«Ақшамда» ұзақ істегенім жоқ, бірақ маздаған оттың тұтанып, ұшқынның жалынға айналуына куә болдым. Газеттің алғашқы сандарын сақтап қойдым. Міне, содан бері де жылжып 35 жыл өте шығыпты. «Ақшам» қазір тек қалалық емес, республикаға әйгілі басылым, «Ақшамның» ауқымы кең. Қаншама қалам иелері осы шаңырақтан қанат қақты. Астана солтүстікке ауысқанмен, «Алматы ақшамы» Оңтүстік астананың көзі боп қала берді. Бұл да «Қазақ» газеті сияқты қазақпен бірге жасап, қуанышы мен мұңын бірге бөліскен әйгілі басылымға айналды дер едім. 35 жыл көз ұшында қол бұлғап кетіп барады.