«Ақшамда» екінші тынысымыз ашылған еді

 «Ақшамда» екінші тынысымыз ашылған еді
almaty-akshamy.kz

«ALMATY AQSHAMY» – 35  «Ақшам» ардагерлері


2005 жылы танымал қаламгер Қали Сәрсенбай «Ақшамға» редактор болып келгенде газет редакциясында журналистік қызметімізді жалғастырған едік. Осында жүріп «Ақшамның» 20, 25 және 30 жылдық мерейтойын өткіздік. Газеттің 35 жылды- ғында зейнеткерлік жасқа келсек те, әрбір нөмірін үзбей оқып отырамыз. Егделік жаста әркім-ақ өзінің жастық шағын тамсана еске алатын әдеті емес пе? Біздің де құлшынып еңбек еткен, газеттің әрбір нөмірін тартымды да, мазмұнды етіп шығаруға күш салған кезіміз еске түседі.

Алып шаһар – Алматының күнделікті тынысын газет бетінде жариялап отырумен бірге қазақ руханиятына қатысты кесек-кесек материалдарды үзбей жариялауға ден қойдық. Мықты-мықты зиялы қауым өкілдерінен белсенді авторлар қатарын газет жұмысына тарттық. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов, жазушы-журналист Зәкір Асабаев бастаған қарымды қаламгерлердің сериялы мақалалары газет бетінен тұрақты орын алып келді.

Қазақ зиялы қауымының ықыласы «Ақшамға» ауып, газет бетінде көтерілген өзекті мәселелерге ұсыныс-пікірлерін білдіріп отырды. Соның нәтижесінде газет тиражы артып, тұрақты оқырмандар қатары қалыптасты. Өткен жылдар беделінде газетте үздіксіз жарияланып келген «Сана тазармай, қала тазармайды», «Алаш ардақтылары», «Алматы тұрғындары», «Алматы айымдары», «Алматылықтардың алданышы», «Өз сөзім өзімдікі», өзге де ауқымды айдарларды қамтыған өзекті мақалалар оқырман ықыласын аударды. Сүйекті тақырып төңірегінде қаузап жазып, ауқымын кеңейтіп, кітапқа айналған «Алматыны басқарғандар» сияқты өміршең жобалар да болды. Белгілі сөз зергері Ісләм Жарылғапов туралы жазған мақала ауқымын кеңітіп, «Ісләм Жарылғаповтың мың бір сөзі» тақырыбымен алты ай бойы газеттен орын алып, оқырман назарын аударды.

Академик Өмірзақ Айтбаев: «Бұрын- сонды зерттелмей келген ісләмтану ілімін бастап берген «Алматы ақшамы» газеті болды... 2008 жылы жұртшылық қолына тиген «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» атты кітапты ерекше атауға болады. Бұл ісләмтану іліміне қосылған үлкен үлес болды. Егер ғылым әлеміндегі бұрынғы жүйе орнында болғанда бұл еңбекті ғылыми атақ беретін ғылыми кеңеске ұсынуға болар еді» деп жазғаны мерейімізді көтеріп тастады. («Ана тілі», 4 қыркүйек, 2013 жыл).

«Ақшамда» қызмет атқарған жылдары көктемгі Наурыз бен төл мерекемізден бастап, барлық айтулы күндерді ұжым болып тойлайтынбыз. Тауға барып, табиғат аясында өткізген күндеріміз де әсерлі болатын. Ұжымның әрбір мүшесінің қуанышы мен ренішіне ортақтасып отырдық. Шығармашылық күш-қуатымызбен еңбек етіп, ынтымақ-бірлігіміздің арқасында көңілді демала да білдік. Осылайша «Ақшамда» өткен жылдарымыз өмірдегі ең шуақты шағымыз болып есте қалды.