Энергетикалық сусындар мен вейптер 21 жасқа толмағандарға сатылмауы мүмкін

Энергетикалық сусындар мен вейптер 21 жасқа толмағандарға сатылмауы мүмкін
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Тиісті заң Мәжілісте қаралып жатыр.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Министр оның ведомствосы бұл заңды қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ведомство басшысының келтірген деректеріне сай, елімізде ересек тұрғындардың 21%-ы темекі тартады, балалардың 20%-ы артық дене салмағынан, ал 6%-ы семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі - 10%-ды, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі -17,5%-ды құрайды.

Министр атағандай, темекіні тұтынуды азайту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді. 

«Тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша Мәжілісте Заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Энергетикалық сусындардың зияны жайлы соңғы кездері аз айтылып жүрген жоқ. Осындай оқиғалардың бірі осы айдың бас кезінде Алматыда болған еді. Естеріңізге сала кетейік, сайтымыздың 5 қыркүйек күнгі шығарылымында энергетикалық сусын ішкен жасөспірімнің ауруханаға ауыр халде жеткізілгенін хабарлаған болатынбыз.