Еліміздің бокс федерациясы чемпиондарды марапаттады

Еліміздің бокс федерациясы чемпиондарды марапаттады
kfb.kz

Алматыда Ұлттық олимпиада коммитетінің мамандары мен Қазақстан Бокс федерациясының басшылары соңғы әлем чемпионатында жүлде алған боксшыларды марапаттады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz «Хабар 24».-ке сілтеме жасап.

Жақында ғана Сербия жерінде өткен дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінген еді.

Тәуелсіздік алған жылдан бері қазақ боксшыларының кез келген дүбірлі додадан қоржыны бос қайтқан емес. Жеңіске етіміз үйреніп алғаны сондай, алтын алмасақ ашуланатын хәлге жеттік. Биыл Токио олимпиадасындағы 2 қола медальды да қомсынғанымыз рас. Ал Белградқа барған жігіттер жігерлі мінезімен дараланып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Сол дүниежүзілік жарыста асығы алшысынан түскен жігіттерді бүгін қауымдастық басшылары марапаттады.

Әлем чемпионы болған Сәкен Бибосынов пен Теміртас Жүсіпов 70 мың АҚШ долларын алса, күміс жүлдегерлер Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржановқа 50 мың, ал қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповке 30 мың АҚШ доллары берілді. Тек қана жүлдегерлер емес әлем чемпионатына қатысқан өзге боксшылар да 800 мың теңгеден сыйақы алды. Бапкерлер мен команданың дәрігерлеріне де қаржылай сыйлық тағайындалыпты.

Абылайхан әуесқой бокстан әлі кете қойған жоқ.Тағы да еңбек етіп, шың басына шығуды көздейді. 33 жастағы әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтің де мақсаты осы. «Біздің жігіттер тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына үлкен сый жасады. Енді келесі жылы Азия ойындарында да осы биіктен көрінеміз деген ойдамын. Ол үшін боксшыларға барлық жағдайды жасаймыз»,-дейді федерация президенті Кеңес Рақышев.