Елімізге 400 миллион доллардан аса қаржы қайтарылды

Елімізге 400 миллион доллардан аса қаржы қайтарылды
Сурет: Inbusiness.kz

Осы мәселе бойынша жұмыс тек ел ішінде ғана жүргізілмейді.

Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов пікір білдірді, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Жұмыс ел ішінде де, шетелде де жүргізіліп жатыр. Мысалы, комиссия жұмыс істеген бес ай ішінде мемлекетке залал өтелді және жалпы сомасы 630 миллиард теңгеден аса активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 400 миллион доллардан аса қаражат қайтарылды. Атап айтқанда, Лихтенштейннен 170 миллион доллардан аса, Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен 3 миллионға жуық доллар, ал алыс шет елдерден құны шамамен 230 миллион доллар болатын зергерлік бұйымдар қайтарылды», - деді бас прокурор Берік Асылов.

Ресми мәлімет бойынша, шетелде активтер сатып алынуы мүмкін барлық қаражат еліміздегі экономикалық қызмет есебінен қалыптасқан.

«Қылмыстық активтерді қайтару бойынша жұмыс осында заңсыз әрекеттерді анықтаудан басталғаны анық. Шетелдегі активтерді Қазақстанның пайдасына тәркілеу - өте ұзақ процесс. Өйткені, шетелдік әріптестеріміз мүлікті «тыйым салуды сұраймыз» деген өтінішіміз негізінде ғана бұғаттай алмайды. Егер бүкіл тізбекті дәлелдемесек - ұрлау немесе басқа да қылмыс дерегін анықтау, оффшорлық аймақтарды қоса алғанда, ұрланған қаражатты шетелге шығару, осы қаражатты белгілі бір нысанды алуға төлеу, онда бұл мүлікті тәркілеуден де, қайтарудан да бас тартылады», - деп атап өтті Берік Асылов.

Осылайша, алдымен заңсыз кіріс анықталады, содан кейін соталды тергеу, содан кейін – сот, кейін – сот шешімі; егер сот активтің заңсыздығын мойындап, оны тәркілеу туралы шешім шығарса, сонда ғана Бас прокуратура қамауға алу туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жібереді, оны істің егжей-тегжейі және барлық дәлелмен растайды. Бұл өте ауыр және қиын процесс екенін түсіну маңызды.

Еске сала кетсек, биылғы 5 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды, оның жұмыс органы Бас прокуратура.