Еліміздің әскери қызметшілері жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру курсын меңгеруде

Еліміздің әскери қызметшілері  жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру курсын меңгеруде
Сурет: Gov.kz

Әскери қызметшілер минасыздандырудың қыр-сырын үйреніп жатыр. 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде бітімгерлік қызметті дамыту мен оның шеңберін кеңейту аясында Қонаев гарнизонындағы Минасыздандыру орталығында «Жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру» атты пилоттық курс өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

БҰҰ-ның Бітімгерлік операциялар департаменті сарапшыларының қатысуымен ұйымдастырылған тренингке әр өңірден келген Қазақстан Қарулы Күштерінің 20-дан астам әскери қызметшісі қатысуда.

Курстың негізгі мақсаты – жеке құрамды бітімгерлік миссия немесе операция жағдайында минасыздандыру топтарының жұмыс стандарттарымен және ережелерімен таныстыру.

Сабақ барысында әскери қызметшілер минасыздандыру бөлімшелерін қамтамасыз етуді жоспарлау, ұйымдастыру және оларды қолдану ережелерін зерделейді.

Курс қорытындысы бойынша Бітімгерлік операциялар департаментінің өкілдері баға беріп, курсқа БҰҰ-ның стандарттарына сәйкестік сертификат беру мүмкіндігін қарастыратын болады.