Елімізде жастар саны 5,7 млн адамға дейін өсті

Елімізде жастар саны 5,7 млн адамға дейін өсті
Сурет: Ашық дереккөзі

Өз бизнесін ашу үшін 12 мыңнан астам жасқа 400 АЕК  мөлшерінде гранттар берілді.

Қазақстанда жастар саны 5,7 млн адамға дейін өсті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Өздеріңіз білетіндей, мектеп, колледж/университет адамның таным-көкжиегінің, білімінің іргетасын қалап, белгілі бір мамандық иесі болуына септігін тигізеді. Бұл жастардың болашақта қызмет етіп, карьерасын құруына мүмкіндік жасайды. Дегенмен тәжірибесіз бәрі бірдей жұмысқа тұра алмайтынын да білеміз. Осы үшін «NEET жастар» ұғымы (оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігі жоқ жастар) заңнамалық түрде бекітілген. Жастардың басым бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша олардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды», - деп жазды Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, жастар саны 5,7 млн адамға дейін өскен. Осы мақсатта мынадай шаралар қабылданып жатқанын жеткізді:

Бірінші. 2022 жылдың наурыз айынан бастап «Жастар практикасы» (6 айдан 12 айға дейін, 25-тен 30 АЕК-ке дейін) және «Алғашқы жұмыс орны» (12-ден 18 айға дейін, 20-дан 30 АЕК-ке дейін) жобалары бойынша ұзақтығы мен жалақысы ұлғайтылды. Бұл шаралар 177 мыңнан астам жасты жұмысқа (оның ішінде 107 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына) орналастыруға мүмкіндік берді.
«Бастау бизнес» жобасы аясында 70 мыңға жуық жас онлайн-оқытудан өтті; «Жасыл ел» жобасы бойынша 2025 жылға дейін жыл сайын елді мекендерді абаттандыру мақсатында ақылы маусымдық жұмысқа 30 мың жас жұмылдырылатын болады.

Екінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру тетігі енгізілуде. Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін. 2023 жылы 6 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланып отыр.

Өз бизнесін ашу үшін 12 мыңнан астам жасқа 400 АЕК (1 млн 200 мың теңгеден астам) мөлшерінде гранттар берілді.

Үшінші. Жаңа әлеуметтік кодекс аясында 3,3 млн-нан астам адамды, оның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары аясында құрылатын жаңа жұмыс орындары, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары, өз ісін ашуға арналған құралдар; жұмыс күшінің табиғи реттелуіне байланысты бос орындар және т.б.

Еске салсақ, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Заңға сәйкес, «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде түзету енгізілді.

Сонымен қатар бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Алтай Көлгінов жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі туралы айтты.