Елімізде лицензиясыз білім беріп келген мекемелер бар

Елімізде лицензиясыз білім беріп келген мекемелер бар
Сурет: Adyrna.kz

Бес колледж студенттерді лицензиясыз оқытқан.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің мәліметінше, мемлекеттік аттестаттау кезінде техникалық және кәсіптік білім берудегі бірқатар проблема анықталды.

«Мемлекеттік аттестаттауды өткізу барысында лицензиясыз білім беру қызметімен айналысқан колледждер анықталды. Бұл – Қостанай облысы Денисов кәсіптік-техникалық колледжі, Қарағанды облысы А.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық, Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі және Теміртау жоғары политехникалық колледжі», – деді  комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.

Сондай-ақ тексерілген 315 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының 198-і аттестаттаудан өтпеген. Олардың басым бөлігі Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Жетісу және Түркістан облыстарында орналасқан.

Аттестаттаудан өтпеудің себебі – техникалық және кәсіптік білім ұйымдары әзірлейтін білім беру бағдарламаларына сай болмауы, МЖМБС талаптарына сәйкес оқытушылардың сапалық құрамының (тиісті санаттағы оқытушылардың аздығы) болмауы.