Елімізде қаржы пирамидасының белгілерін тексеретін телеграм-бот іске қосылды

Елімізде қаржы пирамидасының белгілерін тексеретін телеграм-бот іске қосылды
Сурет: Ашық дереккөз

Азаматтар ақшасын қандай да бір компанияға салмас бұрын, сол компания туралы деректерді тексере алады

Елімізде 29 қаржы пирамидасы жойылып, желіде микрокредит берем деп алдайтын алаяқтардың саны 28 пайыз азайған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Есімі мен бет-әлпетін жасыруды өтінген бұл азамат пайызсыз үй аламын деп жерін сатып, 1 млн 300 мыңнан аса ақшасын кооперативтердің біріне салып жіберген. Алаяқтар оған: "Айына 50 мың төлесеңіз, алты айдан кейін үйлі боласыз", - деп қатырған.

«Біз Түркістанға да арыз жаздық. Әлі ешқандай жауап жоқ. Сотты күтіп отырмыз. Алданып қалған кісілер осы жерде қан қысымы көтеріліп құлады, сондай-ақ отбасымен ажырасып кеткен адамдар да бар. Себебі өзінің еңбегімен тапқан ақшасын осы кооперативке тапсырған», – деді зардап шеккен Азамат.

Өкінішке қарай, бұл кооперативке 140-тан аса адам алданып қалған. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, былтыр қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 85 қылмыстық іс қаралып, 29 пирамиданың көзі жойылған. Нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі 8 млрд теңгеден аса ақша қайтарылды. Осындай қылмысты дер кезінде ашу үшін агенттік «Baiqa, piramida!» атты телеграм-ботты іске қосқан. Онда азаматтар ақшасын қандай да бір компанияға салмас бұрын, сол компания туралы деректерді тексере алады.

«Егер компанияда қаржы пирамидасының белгілері болса және бұл сілтеме «кибернадзор» жүйесінің көмегімен бұғатталған болса, пайдаланушыға бұл туралы дереу хабарланады. Ал егер компания инвестициялық нарықтың адал субъектілері болып табылса, тиісті жауап сәйкес анализден кейін жіберіледі. Сонымен қатар, сізге табыс ұсынатын компанияның БСН арқылы тексеруге болады», – деді ҚР Қаржылық мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қылмыс түрінің тұрақты өсіп жатқанын әрі одан халықты алдын ала қорғау керегін Жолдауында да айтқан еді.

«Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгінде Бас прокуратура Президент тапсырмасына сәйкес мүдделі органдармен бірлесіп, алаяқтықты жою туралы кешенді іс-шара қабылдаған. Нәтижесінде былтыр кибер алаяқтық жасаған 10 қылмыстық топты анықтапты. Мәселен, Шымкентте өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып жұрттың ақшасын қашықтан отырып басқару фактілері тіркелген. Қазір онлайн отырып жалған түбіртек жасап беретін алаяқтар да көбейген. Алматыда, мысалы, «Каспий» қосымшасына арналған жалған-чек шығаратын 9 телеграм-бот анықталыпты.

«2-3 секундта жасалатын нәрсе. Тек қана мәліметтерді енгізу арқылы дүкенге барған кезде жалған чекті көрсету арқылы алаяқтар өз тәсілін іске асырып отыр. Осы жылы 6 адамнан құрылған қылмыстық топ әшкереленді. Өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, қаражат жымқырған», – деді  қалалық прокуратураның бірінші басқарма прокуроры Бектөре Әбдірахманов

Жалпы, елімізде интернет алаяқтықты жою бойынша халықаралық ынтымақтастық іс-шаралары қолға алынып жатыр. Бұл жұмыстар аясында құрбандарын телефон арқылы құрыққа түсіретін 32 адамнан құрылған халықаралық қылмыстық топ жойылған. Сарапшылар соңғы бірнеше жылда елде алаяқтықты жою жұмысы өте белсенді жүргенін айтады. Тек азаматтар қаржылық және кибер сауаттылығын арттыруы тиіс.  

«Елде қаншалықты ІТ-технология дамыған болса, интернет алаяқтар соншалықты көп болады. Бұл, бір жағынан, біздің елдегі цифрландыру процесінің жақсы жүріп жатқанын көрсетеді. Ал кері жағы - кибералаяқтармен күресуге тура келеді. Мемлекет тарапынан жұмыс жұріп жатыр. Мысалы, көптеген дамыған елде «егов» платформасы арқылы құжат ала алмайды. Ал алаяқтар осындай жетістікті  пайдасына асырып, майшелпекке айналдырады», – деді киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Евгений Питолин

Салада атқарылған шаруа көп. Осындай кешенді жұмыстың аясында интернет-алаяқтық 4, ғаламтор арқылы микрокредит берушілер  саны 28, ал қаржы пирамидаларын құруға қатысты деректер 27 пайыз қысқарған.