Елімізде әуе билеттерінің бағасы мен қызмет көрсету сапасы сын көтермейді

Елімізде әуе билеттерінің бағасы мен қызмет көрсету сапасы сын көтермейді
Сурет: 7kun.kz

Рейстерді негізсіз кешіктіру сынды олқылықтар да туризм саласының дамуына кедергі жасап тұр.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Транспорттық жүйе реттелмегендіктен, туристер еліміздің барлық табиғи сұлулығына көз жеткізе алмайды. Сондықтан саяхатшылардан түсетін шағымның көбі әуе жолдарымен жүруге қатысты.

Еуропаны айтпағанда, Орталық Азия және өзге жекелеген мемлекеттермен байланыстыратын халықаралық туристік жүйені қалыптастыра алмадық, - дейді депутат. Ал «Жібек жолы» бойындағы теміржол маршруттарының орнын көршілес Өзбекстан тиімді пайдаланып отыр дейді

 «Автокөлікпен жүретін жолдардың жағдайы сын көтермейтіні туралы депутаттық сауалдардың санында есеп жоқ. Тіпті, Мемлекет басшының өзі бұл мәселені шешетін уақыт жетті деп Үкіметті сүйрелеп жүргенін білеміз. Бір ғана мысал, еліміз бойынша ең кемінде 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыт бойынша автомобиль жолдарын жөндеу мен реконструкциялау қажеттілігі анықталуда»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың бұл сауалына қатысты Мәжіліс төрағасы бұл жағдайдың шындығында өзекті екенін әрі қолдайтынын айтты. 

 «Өзекті проблеманы көтеріп отыр, біз, шынында да, көптеген жылдар бойы селқос, жүйесіз жұмыстың арқасында көптеген позициямызды жоғалтып жатырмыз. Көрші мемлекеттер алып кетіп жатыр. Сондықтан мен қолдаймын»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.