Дінмұхамед Қонаевтың мұрасы архивке тапсырылды

Дінмұхамед Қонаевтың мұрасы архивке тапсырылды
Суреттер: ҚР Президенті архивінен

Қазақ ұлтының көшбасшыларының бірі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы – Дінмұхамед Қонаевтың жеке құжаттары мемлекеттік сақтауға берілді.

Дінмұхамед Ахметұлының жеке архиві Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне тапсырылды. Тарихи құжаттар Қонаевтың мұрагері, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Асқарұлы Қонаев (Асқар Ахметұлы Қонаевтың баласы) тапсырды.

«Біздің архивте Дінмұхамед Ахметұлының қызмет кезіндегі құжаттары сақтауда. Мұрағатта оның Қазақстан Компартиясының Орталық комитетін басқарған кезеңде қол қойған құжаттары, іскерлік хат-хабарлары, баяндамалар және жазбалары бар. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мұрасы Президент Архивінің мақтанышына айналарына сенімдімін», – деді ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Айта кеткен жөн, архивке берілген құжаттар негізінде ҚР Президенті Архивінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке тектік қоры жасалады, бұл қайраткердің өмірбаянын толық зерделеуге мүмкіндік береді әрі сол арқылы Қазақстанның тарихына жаңа деректер мен дәйектер толықтырылатындығын білдіреді.

«Бұл құжаттар мұрағатқа тапсырылғаннан кейін не күтіледі? Біз ғылыми сараптама жасап, құжаттарға өңдеу жүргіземіз, сондай-ақ кеңейтілген ғылыми-анықтамалық аппарат көмегімен егжей-тегжейлі тізімдемелер жасаймыз. Барлық құжаттарға сипаттама беріліп, олар мемлекеттік есепке алынады, әр бет нөмірленеді», – деді Әлия Мұстафина.