Депутат блогерлер мен журналистерді әскерге шақыруды ұсынды

Депутат блогерлер мен журналистерді әскерге шақыруды ұсынды
Сурет: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Константин Авершин Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған сауалында әскери сала мәселесін көтерді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бүгінде Қазақстан Қарулы күштерінің жағдайы туралы әртүрлі пікір бар. Жағдай шиелінісіп тұр. Өкінішке қарай, мұны әскери борышын өтемеген, әскери салаға қатысы жоқ «диван сарапшылары» айтады. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, бос сөзге жол беруге болмайды, - деп айтты депутат.

Авершин атап өткендей, халық Қазақстан Қарулы Күштеріндегі істің жайынан жақсы хабардар болуға тиіс. Бұл ұлттық қауіпсіздік және әскерге шақырушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты. Себебі олар да біреудің баласы, ағасы мен туысы.

Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, «Қазақстанның жалпыға бірдей әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңға сәйкес (кейінге қалдыру не басқа да негіздер бойынша) әскери бөлімдерде тиісті әскери-дәрігерлік комиссияны өткеннен кейін әскерге шақырылмаған азаматтарды мерзімді әскери қызмет өтеу шарттары негізінде ерікті тәртіппен әскерде (1-3 ай) болу мүмкіндігін пысықтау қажет. Бұл шара әскери қызмет туралы шынайы ақпарат таратқысы келетін мүдделі тұлғалар, яғни блогерлер, журналистер, қоғамдық пікір көшбасшыларына мүмкіндік беріп, олар әскердің атмосферасын сезіне алады. Қоғамға Қазақстан Қарулы күштері қатарынан репортаждар ұсынылады, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ бұл кез келген азаматқа, нағыз патриоттарға іс жүзінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді. Олар әскери қызметтің барлық қиындығы мен ауыртпалығын сезінеді. Депутаттың ойымша, бұл олардың дүниетанымын өзгертеді.

Осылайша, әскери қызмет туралы ақпарат тарататын тұлғалардың жауапкершілігі де артады. Сондай-ақ бұл шара қандай да бір жағдайға байланысты Отан алдындағы борышын өтемеген, қолына автомат ұстамаған адамдарға алғашқы әскери дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Қазақстан Қорғаныс министрлігіне осы мәселені қарауды, нормативтік-құқықтық актілерге, Қорғаныс министрлігінің бұйрықтарына тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар дайындауды, қажет болса, азаматтардың әскери жиындардан өтуіне қатысты жаңа бұйрықтар әзірлеуді ұсынамын, - деп түсіндірді Авершин.