Дәмханаға ағаш құлады

Дәмханаға ағаш құлады
Сурет: видеодан алынды

Алматыда дәмхананың жазғы алаңына тағы бір ағаш құлады. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әлеуметтік желіде таралған видеода құлаған ағаш дәмхананың жарты бөлігін жермен жексен еткен.
Адамдар ағаш құламай тұрып, дәмханадан шығып үлгерді. Видеоның сипаттамасында оқыс оқиға Орталық демалыс саябағында болғаны айтылған, деп жазды Tengrinews.kz.

«Жақын жерде орналасқан мекеменің үстіне ағаш құлады. Жақын жерде адамдар мен балалар болған. Куәгердің айтуынша, ешкім зардап шеккен жоқ», - делінген жазбада.

Осыған байланысты пікір алу үшін қала әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінген едік. Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті ақпарат ұсынды.

«Мамандар саябақ аумағына барып, тексеріс барысында көпжылдық ағаштың құлағаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Ағаш дәмханаға іргелес жатқан «Алтын Тараз» ЖШС-не тиесілі.

Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп,ұстау және қорғау ережесіне сәйкес меншік иесі күтіп-баптау жұмыстарын, оның ішінде іргелес аумақта өсіп тұрған ағаштарды санитарлық кесуді жүргізуі тиіс. Басқарма аумақтың иесіне санитарлық кесу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жолдады», - деп түсіндірді басқарма.

Еске салайық, 25 мамырда Алматыда дәмхананың жазғы алаңына алып ағаш құлады. Қонақтар ағаштың құлайтынын байқап, қашып үлгерген.