Бұралаң жолдар мен тар соқпақтар

Бұралаң жолдар мен тар соқпақтар
almaty-akshamy.kz

Әлемдегі ірі күш орталықтары Орталық Азияға ықпал ету бәсекесіне түсті. Бұны өткен аптадағы Нью-Йорктегі саммит растағандай болды. Құрама Штаттардың Қазақстанды қамтыған аймаққа жіті назар аударуы оның негізгі бәсекелестері жағынан ескерусіз қалмайды. Демек, соның өзі аймақтағы геосаяси жүрістердің тебіні жаңа деңгейге шығады дегенді білдіреді. Бұндай тұста аймақтың ішкі тұтастығы, ауызбіршілігі, бір сөзбен айтқанда ішкі интеграциясы аса маңызды. Байқап отырғанымыздай, ірі күштер Орта Азияны бір ортақ геосаяси аймақ ретінде қарастырып отыр. Бұл бір жағынан аймақ елдері үшін жағымды ықпал береді. Ішкі интеграцияның дамуына да өз септігін тигізеді. Барлық ішкі-сыртқы жағдайлар аймақ үшін интеграцияны дамытуды міндеттегенімен, оның өзіндік кедергілері де жоқ емес.

 

Бес елдің де ұлттық мүддесі қажетті шартта өрбуде

Орта Азия елдерінің аймақшылдыққа ұмтылысы ерте басталғанымен тосқауыл болған сыртқы кедергілері де көп болды. Кеңес Одағы ыдырғаннан кейін аймақтағы тамырлас әрі бауырлас елдер интеграцияны дамытуды көздеді. Өйтетіні, көршілес жақын жатқан елдердің ортақ тағдыры, ортақ мәселелері бар еді. Қазірге дейін аймақ интеграциясының барысын 4 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқысы ретінде 1991–2005 жылдар арасын көрсете аламыз. Бұл кезеңде әр ел өзінің жаңа мемлекеттілігі тұрғысынан аймақтың ортақ дамуына жол ашатын алғашқы адымдағы оңды істерді бастады. Анығында, Орта Азия дәл осы кезден бастап дербес геосаяси аймақ ретінде атала бастады. Ынтымақтастық ұйымының пайда болуы да осы алғашқы қадамдардың жемісті нәтижесі болып қалды.

Алайда, дұрыс әрі тиімді бағытта өсіп келе жатқан интеграция 2005 жылдан кейінгі екінші кезеңде кері кетті. Себебі, бұл кезде аймаққа дәстүрлі ықпал етуші Мәскеу саясаты аймаққа белгілі деңгейде тиімсіз күйде өрбіді. Айталық, Орта Азияның ынтымақтастық ұйымы Еуразиялық экономикалық одаққа қарай бірікті де, аймақ елдері ортақ бағыттан айырылды. Бұл үрдісті 2017 жылға дейін жалғасты деуге болады. Бұған қоса, сол кезеңдегі Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының көзге көрінбейтін бәсекесі ішкі фактор ретінде аймақшылдыққа кері ықпал етті деген көзқарастар да бар. Қалай деген күнде де аймақшылдық идеясы осы тұста бұралаң жолдар мен тар соқпақтардан жүріп өткендей болды.

Өзбекстандағы екінші буын биліктің көршілес елдерге қаратқан оңды саясаты үшінші кезеңде интеграцияның алға жылжуына өзіндік ықпал етті. Осымен бір уақытта Қазақстан мен Өзбекстанның бастамашылығымен аймақ елдері басшыларының консультативтік кездесулер сериясы басталды. Қазірге дейін бес мәрте өтіп, келер жылдан бастап екінші кезеңіне аяқ басқан осы кездесу форматы түптеп келгенде аймақтың үмітін оятты. Жалпы жағынан бағалайтын болсақ, бұл кезең аса қысқа уақытта өтсе де, аймақ елдерінің ортақ мәселелерге жұмылуына өзіндік септігі тиді. Ал Украина жағдайынан кейін Орта Азия интеграциясы жаңа қарқын алды. Бұл белгілі деңгейде аймақтағы бес елдің де ұлттық мүддесіне сай әрі қажетті шартта өрбуде. Сыртқы ойыншылардың аймақтағы белсенділігі қарқын алған тұста, аймақтық ұжымдасу да соған ілесе дами түскені байқалады. Сондықтан да соңғы екі жылды аймақтық интеграцияның жаңа әрі қарқынды кезеңі деп қарастыруға болады.

 

Экономикалық ынтымақтастық аймақ елдерін жақындатады

Соңғы жылдары аймақтағы елдер ішкі экономикалық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударып келеді. Шын мәнінде де аймақ елдері үшін қазір экономикалық байланыстарды жетекші ету аса маңызды. Себебі, аймақ елдері арасындағы қарым-қатынастардың саясилануын өзіне қауіп санайтын тараптар бар. Тығыз экономикалық қарым-қатынастың болуы осы аймақты көздеген инвестицияларға да шабыт беретіні анық. Айталық, Өзбекстан мен Қытайдың Еуропаға, Ресейдің Үндістан мен Оңтүстік Азия қарай нарық іздеп ұмтылуы осы аймақты кесіп өтетін инвестиция ағынын қалыптастыруда. Ішкі экономикалық байланыстардың деңгейін дамыту осы инвестицияларды, зор экономикалық мүмкіндіктерді игеріп қалуға, әрі аймақтың сыртқы ықпалын өсіруге тиімді шарт жасайды.

Көбінше, сарапшылар Орта Азиядағы интеграцияны және байланысты тереңдетуге бағытталған бастамаларды Өзбекстанға телиді. Иә, соңғы жылдардағы Ташкенттің бұл жағындағы бастамалары аймақ үшін тиімді әсер етуде. Бірақ осы бастамалардың көбі дерлік ертеректе Қазақстан тарабынан ұсынылған еді. Алайда, ол уақыттағы аймақ елдерінің шарт-жағдайы мен сыртқы жағдай бұл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген жоқ.

 

Бауырласу  бекемделмей, бәрі бекер

Мойындауға тура келеді, аймақтық интеграцияны дамыту деген тек саяси ортада, ірі бизнес орталарында ғана сөз болуда. Ал турасында тарихи тамыры ортақ, іргелес елдер арасында аймақшылдықты қалыптастыру тек экономикалық байланыстармен жүзеге аспайды. Егер, мәдени-гуманитарлық бастамалар арқылы бауырластықты бекемдемесек, қандай да бір игі бастама жүзеге асуы екіталай. Біз осы алып аймақтағы халықтардың ұзақ уақыттан бері сыртқы идеологиялардың әсерінде бір-біріне деген түсінігі алшақтап, туыстығы салқындап қалғанын ескеруге тиіспіз. Қазақтың өзбекке, өзбектің қазаққа, тәжіктің қырғызға, түркіменнің тәжікке деген тура түсіністігін, шынайы бауырластық көзқарастарын жетілдірмей тұрып, аймақтық интеграцияның кедергісі алынбайды.

Қырғыз бен тәжік ортасындағы шекара жанжалдары қазірдің өзінде екі халықтың көңілінде ұлттық сенімсіздікті ұялатты. Өкінішке қарай, осындай аймақтық ішкі мәселелерді ортақ шешуге әлі де саяси жігер, аймақшылдық талап жетіспей келеді. Күннен-күнге қыза түскен сыртқы ойыншылардың бәсекесі кезінде бұндай түйткілді түйіндерді сырт күштерге ұстатпаудың өзі аймақтың болашақ тағдырына қатысты мәселеге айналып барады.

Сондықтан мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың тиімді жобалары жүзеге асырылуы керек. Айталық, аймақ елдері бауырлас елдерге өз астаналарынан көше бере отырып, сол елдің инвесторларын тартуы, мәдени орталықтарын ашуына мүмкіндік беруі, шығармашылық ұжымдардың алмасуын жүзеге асыру сынды тәсілдерді қолдануға болады. Бұл аймақ халқының өзара түсіністік пен татулығын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Түрлі бағыттағы белсенді әрекеттер біртіндеп аймақтың ортақ экономикалық және саяси институттарын да қалыптастыра бастайды. Ішкі мәселелерді ортақ реттеуге қабілетті институттар қалыптасқан жағдайда 70 миллионға жуық халқы бар аймақ әлемдегі маңызды нарық әрі ықпалды күш ретінде қарастырылары анық.