Бүгінде қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген инфрақұрылым толығымен қалпына келтірілді

Бүгінде қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген инфрақұрылым толығымен қалпына келтірілді
Сурет: Kt.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан қала әкімі Е.Досаев осылай деді. 

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 «Сіздің биыл қаңтар айының соңында берген басты тапсырмаңызға сәйкес, бүгінде қаңтар оқиғалары кезінде бүлінген инфрақұрылым толығымен қалпына келтірілді, қала экономикасы тұрақты өсу траекториясына шықты, қоғамдық қауіпсіздіктің деңгейі біршама артты»,  - деді Е.Досаев. 

Зардап шеккен 1 640 кәсіпорынға 16,2 млрд. теңге сомасындағы залал өтелді, оның 95%-ы осы жылдың 1 маусымына дейін төлемдерін алды. Барлық жеке тұлғаларға 613,5 млн. теңге сомасында мүліктік залал төленді (159 өтінім, оның ішінде 151 жеке тұлғаның автокөліктері, 6 пәтер, 2 мүлік иелерінің бірлестігі (ОСИ))

 «Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Алматы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, осы жылдың соңына дейін адамдар көп жиналатын орындарға 3 050 бейнекамера орнатылады. Жалпы, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге биыл қосымша 16,8 млрд. теңге бөлінді», - деді Алматы әкімі Е.Досаев.

Қала әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, оның аяқталу мерзімі – 2023 жылдың ІІ тоқсаны. Qazaqstan телеарнасының бұзылған ғимаратының орнында заманауи медиа орталықтың құрылысы басталды, оны 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.