Бүгін кітапқа ғашық болатын күн...

Бүгін кітапқа ғашық болатын күн...
Сурет: Qazaly.kz

Себебі,14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні.

Мұндай мереке 2012 жылдан бері тойланып келеді. Десе де бұл күн жайлы көпшілік біле бермейді. Есесіне, әулие Валентин күнін атап өтушілер біздің елде де табылып жатады. Дегенмен кітапқұмар адамдар үшін бұл күнтізбеде ойып тұрып орын алар мереке екен. Бұл күні адамдар бір-біріне кітап сыйлап, сол туралы әңгімелеп атап өтеді. Кітап дүкендері мен кітапханаларда да арнайы шаралар ұйымдастырылады.

Осындай рухани мерекенің пайда болуына америкалық Эмми Бродмур есімді ғажайып әйел себепкер болған. Ол өзі – үш баланың анасы әрі балаларға арналған кітаптар сайтының иесі. Бір күні одан кішкентай ұлы «Анашым, адамдар бір-біріне кітап беретін күн неге жоқ?» деп сұрайды. Баласының осы сұрағы Эммидің жаңа мерекені бастауына түрткі болады. Эмми Бродмур сол күні таныстары мен танымал адамдарға жазып, осы күнді насихаттауға кіріседі.

Бұл күні, ең алдымен, балаларға, сондай-ақ қандай да бір себептермен кітап оқуға мүмкіндігі шектеулі балаларға кітап беру әдетке айналған. Алайда, кітап оқуды тек балалар ғана емес, ересектер де жақсы көреді.  Бақытымызға орай, көптеген ересектер кітапты тек материалдық емес, ең алдымен рухани құндылық ретінде түсінеді және бағалайды, автор оқырманға беретін сезімдер мен эмоцияларды бағалайды. Балалар өз кезегінде жақсылықты, достықты, жақынына деген сүйіспеншілікті, жанашырлық сезімін және баланың адам болуына көмектесетін көптеген нәрселерді үйренеді.