«Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығының әр жеңімпазы 5 миллион теңге алады

«Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығының әр жеңімпазы 5 миллион теңге алады
Cурет: Baq.kz

Бұл сыйлықтың ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығына байқау жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
«Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Кітаптың үздік дизайны» номинациялары бойынша жеңімпаз атанғандар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алады. 

Конкурс нәтижесінен соң олардың еңбектері  500 данамен жарық көреді.   

Бүгін ұлттық әдеби  сыйлықтың тұсаукесері зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың қатысуымен өтті. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл жобаның міндеті – әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.

«Жасыратын несі бар, «Қазақ қаламгері қашан Нобель алады?», «Ұлттық әдебиетіміздің қазіргі деңгейі қандай?», «Қазақша аударманың халі нешік?» деген сұрақтар көбіміздің көкейімізде жүргені рас. Қазақ зиялыларының ықпалы қашан артады, олар ұлт санасына, қоғам ойына қалай әсер етеді деп те жиі ойлайтынымыз анық. Әрине, бұл сауалдарды әр қырынан қарастырып, оған түрлі жауап іздей беруге болады. Кейбір сұраққа жауап табармыз, кей тұста үнсіз қалуымыз мүмкін. Бірақ бір айнымас дүние бар – біздің ұлтымыз жалғыз, зиялыларымыз санаулы-ақ. Сол үшін ұлтымызды ұлықтап, зиялыларымызды алақанға салып, құрмет тұтуға тиіспіз»,- деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

«Басты мақсатымыз – төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Қатысушылардың жасына, еңбек жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзекті болуға тиіс. Қысқа болғанымен елдің есінде қалып, жұртшылықтың аузынан түспейтіндей туынды жазса, бәйге соған бұйырады. Бұл-отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында жүзеге асырып жатқан іс-шаралардың бірі ғана. Ел Президенті белгілеп бергендей, біздің түпкі мақсатымыз – оқитын ұлт қалыптастыру. Ол үшін біз «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын қоса алғанда, жас авторларды қолдаудың жаңашыл тетіктерін құрып, мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтып жатырмыз. Гранттар мен сыйлықтар жариялап, кітап жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Болашақта проза, поэзия және драматургиядағы ең мықты жас таланттарды қолдау және табиғи қабілетін шыңдауға арналған «әдеби зертхана» ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар келесі жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындауды көздеп отыр. 

«Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады. Одан бөлек биыл «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен кітаптар жарық көргелі отыр. Бұл сериямен бұрын шығармасы еш жерде жарық көрмеген жас авторлардың туындылары іріктеліп, 3 мың тиражбен басылып шығарылады», - деді басшы.

Көбелектің қанатынан туған толқын алып мұхиттарды шайқайды.

«Біздің шығармашылыққа беретін бүгінгі серпініміз ертеңгі әлемдік классиканың іргетасы екеніне шын сенуіміз керек. Ақынының қаламын қадірлеген, сөздің киесіне сенген жұрт озады, жазушысының жағдайын ойлаған ұлттың болашағы кемел. Әлемді өзгертер әйгілі шығармалар әлі де қазақ топырағында дүниеге келеді. Жаңа қазақ әдебиетінің жолайрығындағы бүгінгі сапар сәтті болсын! Талантты жазушыларымыз бен арқалы шайырларымыздың қаламына шабыт тілеймін!», - деп аяқтады сөзін Дәурен Абаев.