Букмекерлік кеңселердің жарнамалау мәселесі шешіледі

Букмекерлік кеңселердің жарнамалау мәселесі шешіледі
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстанда букмекерлік кеңселердің сыртқы жарнамасына тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

«Егер сіз телефонды ашсаңыз немесе көшеге шықсаңыз барлық жерде 1xBet, Olimpbet секілді букмекерлік кеңселердің жарнамасын көресіз. Халықаралық тәжірибеде 50 метрге дейін болуы керек. Бұдан әрі сыртқы жарнамалар болмауы тиіс. Осыған байланысты қазір депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, сыртқы жарнамаға тыйым салуды көздеп отырмыз», - деді Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Тамара Дүйсенова. 

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары сыртқы жарнамаға тыйым салу тек букмекерлік кеңселерге қатысты екенін айтты.

«Букмекерлік ұйымдарды олардың кеңселерінде, спорттық телеарналарда, спорт ғимараттарында және спортшылардың жабдықтарында жарнамалау мәселесі шешіледі. Осылайша жарнаманың төрт түрі қалады. Бұл халықаралық тәжірибе, - деп түсіндірді Т. Дүйсенова.