Бір күн, бірнеше көрініс

Бір күн, бірнеше көрініс
Almaty-akshamy.kz

Қазіргі балалар бақытты. Не керектінің бәрі бар. Қайда барамыз демейді, Алматыда ойын-сауық орталығы жетіп-артылады. Есіктері қысы-жазы ашық. Демалыста балаларды қолдан жасалған «Майами» теңізіне апардық. Өзіңізге аса қызық бола қоймаса да, балалар қуанса болғаны. Ішінде талай кейіпкер жүр.


ҚЫЗДАР

Бір қараторы жігіт екі қызын суға түсіріп жүр екен. Екеуі де қуыршақтай, сүп-сүйкімді. Біреуі 4-те, екіншісі 2-де болар шамасы. Әкесі екеуін жетектеп апарып келіп жүр . «Шаршадым» деді ме екен, кішісін жұмсақ орамалға тұмшалай орап, жайлы орындықтың арқалығына сүйеп, көзін жылтыратып отырғызып қойды. Үлкені сіңлісінің бетінен еркелете сүйді де, әкесімен суды бетке алды. Жарасымды. Аналары сендер қыдырып келіңдер, мен үйдегі тірлігімді бітіріп алайын деді. Әйтпесе, емізулі баласы бар. Жүйрік ойым солай деді. Қыздарын аялай құрметтеп ж үрген жігітке риза боп отырдым . Қыз – жат жұрттық. Ертең жаныңда дәл осылай жүрмейді. Сондықтан қыз баласы қандай құрметке де лайықты!

ТОМПАҚ

«Хамамға» кірдік. Іші бу, ешкімді анық көрмейсіз. Бірақ бір бауырсақ балақайды көріп отырмын. Резеңке көзілдірігін шекесіне емес, маңдайына қондырып қойыпты. Басында резеңке қалпағы. Бәрі доп-домалақ балаға жарасып тұр. Бала біткеннің ағып тұрған немесе ыдыстағы суға құмар келетіні бар ғой. «Хамамның» кіреберісінде тастан жасалған ыдыс бар, оған шүмектен су толтырып қоясың, ішінде темір шағын тостағы бар. Әлгі тостақпен су алып, отыратын орныңды бір шайып аласың.

Жаңағы томпақ бала сол шүмектің жанына жайғасқан, темір тостақты бұтының арасына қойып алып, ішіндегі суын шашып ойнап отыр. Одан алып төңкеріп басынан асырып құяды кеп. Бүкіл аквапарктің ішіндегі ен су жетпей жатқандай.

«Хамамға» бір айналып тағы келдім. Ол жер негізі үлкендерге жақсы, балалар буды ұната бермейді. Әлгі томпақ тағы кіріп келе жатыр. Құтты орнына жайғасып алып, шүмекті сарылдатып қойды да, шолпылдата бастады. Арғы жағында отырған бір ер адам: «Ей, сумен ойнама, ағыза берме!» деп жекіп тастады. Бала тыншып қалды бір мезет. Сосын әлгі аға жаққа мойнын жоғары, төмен, оңнан, солдан созып қарай бастады. Алғашында бұл әрекетін түсінбей қалғам, сөйтсем, әлгі қатқылдау сөйлеген ағаның көзі ашық па, жұмулы ма, ашулы ма, басылды ма, қалай екен деп бағамдаған түрі екен ғой. Будан көре алмай жатса қайтеді енді. Күлдім.

Бір кезде «е, қойшы» деді ме, темір тостақпен су толтырып алды да, төбесінен асыра үстіне құйып жіберіп, әлгі тостақты өзінің басына кигізіп қойды. Өз кайфы өзінде! Міне, бала болғасын сондай болуы керек. Осындай еркін ба ла лар т абысты болады болашақта деді бір ойым.

АНА

Хиджаб киген әйел үш баласын (1, 3, 5 жастар шамасында) шүпірлетіп, бұрқылдап жатқан, массаж жасайтын суға алып келді. Балалары сүп-сүйкімді, мойындарына бір-бір баллон кигізіп қойыпты. Үшеуі де мәз. Астыдан сыртқа бұрқылдап шығып жатқан суға қолдарын төсеп, шықылықтап күліп қояды ең кішісі. Баласының қуанғанын көрген шешесі де мәз.

– Түу, тәте, келгеніме қуанып тұрмын. Осынша ақша күнделікті чипсы, тәтті шырынға да шығып кетеді ғой. Демалуды білмейді екенбіз. Балаларым мәз! – деді риясыз қуанған ана. Басымда орамал, айналам толған жартылай жалаңаш адам демей, балалардың қызығы үшін деп келген әйелге риза болдым.

Айнала суға секіріп, сальто жасап жатқан балалар, байқамасаң аяғы тиіп кетуі мүмкін. Үш баласын, бейне үш қолы бардай, жанынан жібермей, мойындарындағы резеңке баллондарынан ұстап алып, жанында жүздіртіп жүр әлгі келіншек. Ана деген қандай!

СЕЛФИ

Бір сағат сайын толқын жіберетін жасанды теңізге келдік. Балаларым суға қойып кетті. Мен отырмын жағада. Әдемі бір бойжеткен селфи жасап жүр екен. Аяқ жағы ғана су, басқа жері құрғақ. Бір кезде бір кішкентай қыз бала «Диас жылап жатыр» деп жүгіріп келді. Әлгі бойжеткен аспай-саспай, телефонына олай бір, бұлай бір төңкеріле қарап, арасында ернін дүрдитіп қойып, селфилетіп бара жатты судың ортасында.

Бір кезде иегі иегіне тимей дірілдеп тұрған, тоңған, жылап келе жатқан арық қара баланы (інісі болар) үстіндегі сүлгісінің шетінен шымши ұстап бері сүйреп келеді екен әлгі қыз. Өзі сол күйі әлі селфилетіп жүр бірақ. Су жиегіне шыққан баланы «анда отыр» деп бұйырды да, өзі қайтадан жағадағы суды аяғының ұшымен аялай сипап, өзін бейне су үстінде қалқып жүргендей сезініп мүмкін, одан камерасын жоғары көтеріп, шашын сүйріктей саусақтарымен салалап қойып, сосын ернін дүрдитті. Жақсы бір кадрлар шыққан шығар, ә «Инстаға». Ерсі ештеңе жоқ, әрине. Жастарға бәрі жарасымды. Жастарға сұлулық тән ғой.

Бірақ әлгі арық қара бала дәу орамалдың ішінде иығы қушиып әлі жылап отыр екен, бір жерін соғып алған-ау, шамасы. Әпкесі кейін өзі балалы болғанда түсінер.

СӘЛЕМ

Сыртқа шықтық. Есік алды ығы-жығы халық. «Апорт» алдындағы апорт-мүсіннің айналасынан атқылап жатқан субұрқаққа түсіп жүрген балалар да өз алдына мәз. Біздікілер балмұздағын жеп алсын деп, скамейкаға тізе бүктік.

Жеңіл көліктен жас ерлі-зайыпты түсті. Бір-біріне тоңтеріс екені көрініп тұр. Екеуін үлкендеу әйел күтіп алды. Келіншектің қолындағы баласын алып жатқан әйел:

– Немене, ұрсысып шыққансыңдар ма үйден? – деді. Келіншектің не айтқанын естімедім, тек әйелге иіліп сәлем салып жатқанын байқадым. Әдемі! Төгілген шашы иығын жапқан. Әдемі ай сырғасы енді батып бара жатқан күн көзімен бір жалт етті. Боянған, бірақ көзге ұрып тұрған артық ештеңесі жоқ, етек-жеңі молынан пішілген гүлді көйлегі де келіншекті көркем етіп тұр. Оранбай-ақ, тұмшаланбай-ақ, «иә, ұлыңмен ұрсысып қалдым» демей-ақ, қаланың қақ ортасында да иіліп сәлеміңді салып иманды, заманауи келін, әйел болуға болады екен!

Демалысыңыз сәтті өтсін, құрметті оқырман!