Білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызда жарияланады

Білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызда жарияланады
Сурет: Egemen.kz

Білім гранты иегерлерінің тізімі ертең, яғни 10 тамызда, жарияланады.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қарайды. Оның құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді. Талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалады», - делінген хабарламада.

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Яғни, көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болды.

Сондай-ақ ауыл балалары және ҚР азаматтығы жоқ, ұлты қазақ азаматтар үшін де квоталар көзделген. Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 80 мыңға жуық өтінім берілді.

Құжаттарды қабылдау 13-22 шілде аралығында жүзеге асырылды.