Биыл жұмыртқаның бағасы 10-30%-ға қымбаттауы мүмкін

Биыл жұмыртқаның бағасы 10-30%-ға  қымбаттауы мүмкін
Сурет: Dastarkhan24.kz

АШМ субсидиялау жүйесін реформалап, жаңа тәсілдерді енгізбек.  

Қазақстандық шаруалар жұмыртқа өндіру саласындағы субсидия санын қысқартуға қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Іnbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі саладағы 47 субсидия түрін 20-ға дейін қысқарту керек деп ұсыныс жасаған.

Министр Ербол Қарашөкеевтің пікірінше, субсидияның санынан гөрі оның шаруаларға қолжетімділігі маңызды. Бірақ отандық шаруалар мұнымен келіспейді. Олар субсидия азайса, сала шығынға батады деген пікірде. Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының өкілі Аман Серікұлы субсидиялардың алынып тасталуы ауыр соққы болатынын айтады.

«Жұмыртқаны субсидиялауды алып тастау құс фабрикаларының табысының азаюуына әкеледі. Пайда таппай, жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан өндірушілер жұмыртқа бағасын көтеруге мәжбүр болады. Бірақ қазір Қазақстанда жұмыртқа ішкі нарықта тұтынылатын көлемнен әлдеқайда көп өндіріледі. Ұсыныс сұраныстан асып кеткен жағдайда бағаны көтеру мүмкін емес. Сондықтан фабрикалар банкрот болмас үшін, өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр боламыз», - деді қауымдастық өкілі.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божконың айтуынша, биыл жұмыртқалайтын тауықтар санын 10-20% қысқарту 300-600 жұмыс орнының қысқаруына және өндірістің 200-400 млн дана жұмыртқаға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл тұтынушылардың қалтасына да әсер етпей қоймайды. Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының бағалауынша, жұмыртқа 10-30% қымбаттауы ықтимал.