Бекзат өнерден сыр шерткен арт-альбом

Бекзат өнерден сыр шерткен арт-альбом
almaty-akshamy.kz

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры шаңырағында «Қазақ балетіне 89 жыл» арт-альбомының таныстырылымы өтті. Әдемі көмкерілген альбомға еліміздің кәсіби хореографиялық өнері айдынында 90 жыл бойына қойылған ұлттық спектакльдердің бүкіл тарихы құндақталған.

Бас-аяғы бір жылда жинақталған арт-альбомға еліміздің барлық театры мен би труппаларының бүкіл ұлттық спектакльдеріндегі көріністерін бейнелейтін 65 авторлық сурет-иллюстрация енген. Иә, мұражай, театр және мұрағаттардан алынған сирек кездесетін фотосуреттер мен мәтіндер негізінде  жасалған түрлі-түсті кітап өнерсүйер қауымды баурап алары сөзсіз. Оның кітап болып қатталып шығуына Qazaq Ballet Creative Lab-тың және Нұрсұлтан Назарбаев қоры қолдау көрсеткен.

– Мен былтыр Санкт-Петербургтегі мемлекеттік университеттің магистратурасын бітірдім. Онда ғылыми жұмысымның бір бөлігі ретінде Қазақстанның ұлттық балеттерін зерттеген болатынмын. Магистрлік диссертацияны жазу барысында еліміздің ұлттық хореографиялық өнерінің дамуын тереңірек түсіну үшін түрлі дереккөздерге жүгіндім. Сонда қолға ілінген әдебиеттерде қазақ балеті туралы иллюстрациялық бейне, фотоматериалдардың жеткіліксіздігін байқадым. Сондықтан көп дүниені елестетуге тура келді. Осы жобаны жүзеге асырудың арқасында қазақ балетінің бай тарихын жаңғыртуға мүмкіндік туды. Біз қазақ музыкалық-хореографиялық өнерін визуалды кескіндеме және хореография арқылы сақтап, танымал етуді мақсат еттік. Альбом жұмысына отандық өнер қайраткерлері – суретші Жаннат Баймұханова мен дизайнер Гузель Нұрымбетова да атсалысты, – дейді «Қазақ балетіне 89 жыл» арт-альбомының жетекшісі Тоғжан Молдалім.

Рухани, мәдени іс-шараға келген меймандарға Жаннат Баймұханованың аталған арт-альбомға енген, осынау бекзат өнерден сыр шертетін суреттерінен құралған көрме ұсынылды.