Балаңыз ауыз бекітті ме?

Балаңыз ауыз бекітті ме?
Сурет ашық дерек көзінен алынды

Бүгінде мектеп жасындағы балалар да ауыз бекітетін болған. Бұл тіпті кейінгі бір-екі жылда белең алып барады. Кейбір ата-аналар «бұл дұрыс емес, олар алдымен білім алсын» десе, екінші тарап «дұрыс, баламыздың имандылыққа бет бұрғаны жақсы» дейді.
Ал біз осы орайда көкейге келген «баланың ауыз бекіткені оның денсаулығына зиян емес пе» деген сауалымызды дәрігерге қойған едік.

– Егер балиғат жасына толған баланың денсаулығында кінәрат болмаса, ораза ұстауына болады, зияны жоқ. Жалпы, ораза созылмалы аурулар және асқынулар болмаса зиянсыз. Ауыз бекіту кезінде адам ағзасы қажетсіз элементтерден арылып, керісінше қажетті дәрумендермен байи түседі. Ораза ұстау деген кешке дейін жата беру дегенді білдірмейді. Кәдімгі күнделікті қалыпты қимыл-қозғалыста болған абзал. Ораза кезінде сәресіне жеңіл тағам (бұқтырылған тары) тұтынсаңыз, ағзада ұзақ сақталады. Ал ауызашар уақытта тағамды бірден жемеу керек, сумен және құрмамен ауыз ашқан соң, 10-15 мин үзіліс жасап барып жеген дұрыс, – деді Алматыдағы №21 қалалық емхананың дәрігері Назгүл Пернебек.