Бала күтіміне және жүктілікке байланысты төлемдер өседі

Бала күтіміне және жүктілікке байланысты төлемдер өседі
Cурет: Ашық дереккөз

Әзірге төлемдердің қазіргі мөлшеріне қанша теңге қосылатыны белгісіз

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 300 мыңнан астам ана жүктілігі бойынша төлем алып отыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv –ге сілтеме жасап.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 300 мыңнан астам ана жүктілігі бойынша бұрынғы орташа еңбекақысының 100 пайызын, ал балаға қарау кезеңінде еңбекақысының 40 пайызын алып отыр. Сондай-ақ, жұмыссыз қалған 105 мың азаматқа олардың еңбекақысының 40 пайызына дейін 6 айға дейін беріліп жатыр. Кейінгі жылдары бұл төлемдердің мөлшерін едәуір көтеру мәселесі қарастырылуда», - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бұл декретте отырған әйелдерге жалақының көп бөлігін алуға мүмкіндік береді. Әзірге төлемдердің қазіргі мөлшеріне қанша теңге қосылатыны белгісіз.

Тамара Дүйсенова такси жүргізушілері мен курьерлерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

«Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңдай адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай режим тұрғындарға өте ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.