Ақ халатты абзал жандарға арнап мүсін қойылды

Ақ халатты абзал  жандарға арнап мүсін қойылды
Сурет: Egemen.kz

Медицина қызметкерлеріне арналған аллея 

Алматы облысында «Аяулы алақан» аллеясы ашылды. Ол Коронавирус індетімен бетпе-бет күрескен ақ халатты жандардың құрметіне арналған, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz.

Egemen.kz сайтының хабарлауынша, Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай, жаңа аллея ашылды. Оған дәрігерлердің пандемия кезіндегі жанкешті еңбегіне алғыс ретінде «Аяулы алақан» мүсіні қойылды. Мүсіннің биіктігі - 1,2 м, ұзындығы - 3,8 м, ені - 2,8 м. 

«Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда медицина қызметкерлері алдыңғы қатарда күрескендердің бірі болды. Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» мүсіні аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – ел құрметінің белгісі, ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады», - деді Алматы облысы әкімі әрі жоба авторы Амандық Баталов. 

Індет кезінде облыстағы 31 медициналық ұйым, амбулаториялық және стационарлық деңгейде 3455 медицина қызметкері жұмылдырылған. 900-ге жуық медицина қызметкері коронавируспен ауырып, 14-і көз жұмған.