Азия ойындарына Қазақстан спортшылары сегізінші мәрте қатысады

Азия ойындарына Қазақстан спортшылары сегізінші мәрте қатысады
Сурет: ашық дерекөз

Қытайдың Ханчжоу қаласында бүгін XIX жазғы Азия ойындары жалауын көтереді. Қазақпарат тілшісі осы жөнінде мәліметтерді тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп көрді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Спортшылар саны жөнінен рекорд тіркелді

Биылғы Азия ойындары белгілі себептеге байланысты бір жылға шегерілгені белгілі. Ендігі кезекте дүбірлі дода биыл 23 қыркүйек пен 8 тамыз аралығында өтеді.

Азия ойындары бұған дейін Қытайда 2 мәрте өткізілген. Атап айтқанда, ол Бейжің (1990 жылы) мен Гуанчжоу қаласында (2010 жылы) болған. Ханчжоу дүбірлі доданы қабылдайтын бәсекені қабылдайтын қала ретінде 2015 жылғы 16 қыркүйекте Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен Азия Олимпиада Кеңесінің (OCA) ассамблеясында ресми түрде жарияланды.

2020 жылдың аяғында ойындар бағдарламасына киберспорт пен брейк-данс қосылып, олардың саны 42-ге жетті. Оның 28-і олимпия ойындарының бағдарламасына кіреді.

Сайыстар 51 жарыс алаңында өткізіледі. Бұл мақсатта 14 жаңа кешен салынды. Көптеген спорт түрінен жарысты Ханчжоу қабылдайды. Ал кейбір жарыстар Дэцин, Цзиньхуа, Нинбо, Шаосин мен Вэньчжоу сынды шағын қалаларда болады.

Азия ойындарының бойтұмары ретінде Конгконг, Ляньлянь мен Ченчен таңдалған. Олардың ортақ есімі «Цзяннани жайлы естелік». Ал ойындардың ресми ұраны «Жүректен жүрекке @Future». Бұл слоган 2019 жылғы 15 желтоқсанда ресми ашылуға 1000 күн қалғанда айтылды. Осы арқылы ұйымдастырушылар Азия ойындары құрлықтағы барлық ел арасындағы байланысты әспеттеуге тырысқан.

Дүбірлі додада Азия Олимпиада кеңесі (АОК) құрамындағы 45 елден 12 500-ден астам спортшы келеді деп күтілуде. Бұл - рекордтық көрсеткіш. 2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада 11 300 адам тіркеліп, жаңа рекордтық көрсеткіш орнаған еді. Ең көп делегация Қытай құрамасы сапында, бұл елден 600-ден астам спортшы жарыс жолына шығады. Одан кейінгі орындарда Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан, Гонконг құрамалары бар.

Жазғы Азия ойындарында 8 спорт түрінен Париж Олимпиадасына жолдама беріледі. Бәсекеде 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Азия ойындарында бокстан Париж Олимпиадасына 13 жолдама беріледі. Оның жетеуі ерлерге, алтауы әйелдер арасындағы боксшыларға тиесілі. Ал садақ атудан 3 лицензия ерлер, әйелдер, аралас команда бойынша үлестіріледі. Сондай-ақ заманауи бессайыста 2 (ер және әйел), брейк-данста 2 (ер және әйел), үлкен теннисте 5 (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар), су добынан 2 (ерлер және әйелдер құрамасы), көркем жүзуде 2 (әйелдер дуэті, командалық сайыс), көгалдағы хоккейде 2 (ерлер, әйелдер құрамасы) жолдама беріледі. Олимпиада бағдарламасына кіретін өзге спорт түрлерінен жолдама әлем чемпионатынан кейін өз иесін табады.

Биыл еліміздің атынан Ханчжоу қаласында 30 спорт түрінен 524 қазақстандық (262 ер, 262 әйел) саңлақ бақ сынайды. Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына кіретіні 27, қалған үшеуі - олимпиадалық емес спорт түрі. Еліміз мұндай маңызды шараға өз тарихында сегізінші мәрте қатысады.

Туды кім ұстап шығады?

Дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің атынан ту ұстап шығатын саңлақтар анықталды. Олар – бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден көшбасшымыз Надежда Дубовицкая.

Екеуі де қазірге көптеген жарыстарға қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғай білді. Асланбек 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол – бокстан әлем және Азия чемпионы, Джакартадағы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ал Надежда 1998 жылы 12 наурызда Семей қаласында дүниеге келген.

Ол – жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының жеңімпазы, құрлық рекордының иесі.

Қазірге дейін салтанатты шарада ту ұстап шыққан спортшылардың барлығы Азия ойындары барысында жеңімпаздар және жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Олардың аты-жөні мен нәтижесі төмендегіше:

1994 жылы Дәулет Тұрлыханов шрек-рим күресінен 82 келіде чемпион атанған.

1998 жылы Ермахан Ибраимов. Бокстан 71 келіде «алтын» алды.

2002 жылы боксшы Мұхтархан Ділдәбеков 91 келіде күміс жүлдеге қол жеткізген.

2006 жылы боксшы Бақтияр Артаев 75 келіде екінші орын алды.

2010 жылы боксшы Серік Сәпиев 69 келіде «алтыннан» алқа тақты.

2014 жылы боксшы Әділбек Ниязымбетов 81 келіде чемпион атанған.

2018 жылы боксшы Әбілхан Аманқұл 75 келіде «күміс» медаль жеңіп алған.

Ел құрамасы қанша жүлде алды?

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өткен ойындарда бақ сынауға мүмкіндік алды. Содан бергі 7 Азиадада көптеген жүлдеге қол жеткізді.

1994 жылы Хиросима (Жапония) – 335 спортшы, 77 медаль (25 алтын, 26 күміс, 26 қола). Жалпы командалық есепте 4-орын;

1998 жылы Бангкок (Таиланд) – 379 спортшы, 78 медаль (24 алтын, 24 күміс, 30 қола). Жалпы командалық есепте 5-орын;

2002 жылы Пусан (Оңтүстік Корея) – 427 спортшы, 76 медаль (20 алтын, 26 күміс, 30 қола). Жалпы командалық есепте 4-орын;

2006 жылы Доха (Қатар) – 428 спортшы, 85 медаль (23 алтын, 20 күміс, 42 қола). Жалпы командалық есепте 4-орын;

2010 жылы Гуанчжоу (Қытай) – 476 спортшы, 79 медаль (18 алтын, 23 күміс, 38 қола). Жалпы командалық есепте 5-орын;

2014 жылы Инчхон (Оңтүстік Корея) – 439 спортшы, 84 медаль (28 алтын, 23 күміс, 33 қола). Жалпы командалық есепте 4-орын;

2018 жылы Джакарта мен Паленбанг (Индонезия) – 419 спортшы, 76 медаль (15 алтын, 17 күміс, 44 қола). Жалпы командалық есепте 9-орын.