Ауған соғысында 119 алматылық қаза тапқан

Ауған соғысында 119 алматылық қаза тапқан
Сурет: Polisia.kz

Алматы полициясы әскерлердің Ауғанстаннан шығарылуының 35 жылдығына арналған мерекелік шара өткізді.

15 ақпанда бұрынғы Кеңес Одағы елдері Ауғанстаннан әскерлерінің шығарылған күнін атап өтеді. Бұл қаза болған интернационалист-жауынгерлерді аза тұту және еске алу күні, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Жеке құрамды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ПД бөлімшелерінің қызметкерлері дәстүр бойынша Ауған соғысына қатысушыларға барып кайтады. Біз оларды аман-сау көргенімізге өте қуаныштымыз. Олар жас қызметкерлерге сол кезеңнің егжей-тегжейін айтып беруге әрқашан дайын. Бұл жас полицейлердің патриоттық рухын көтеретіні сөзсіз. Біз өз кезегімізде ардагерлерімізді қолдаймыз және ұмытпаймыз», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Ержан Ұзабаев.

Сонымен қатар полиция департаментінде салтанатты шара өтіп, оған Ауғанстандағы соғысқа қатысушылар, отставкадағы полиция полковнигі Әбдірайым Ахметов пен отставкадағы ішкі қызмет майоры Мұрат Әбдүшүкүров шақырылды.

«Алматы полициясы қатарында Ауғанстанда міндетті әскери борышын өтеген полицейлер қызмет етті. Бұл тамаша жауынгерлік дайындығы мен төзімділігі бар, тағдыры ауыр қарапайым адамдар. Олар – өз ісінің кәсіби мамандары, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Бүгінгі салтанатты шараға аға әріптестерінің ерліктерінен үлгі алып, олардан ең жақсы адамгершілік және кәсіби қасиеттерді бойына сіңіруге міндетті жас полицейлердің қатысуы тегін емес», – деді Ержан Ұзабаев.

Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Ауған соғысына 22 мың 296 қазақстандық қатысқан. Оның ішінде 928 адам қайтыс болды, 119-ы алматылықтар. Алайда 19-ы әлі із-түзсіз жоғалып кеткен болып саналады. Екі қазақстандықтың сүйегі үш жыл бұрын табылып, Қазақстанға қайтарылды. Алматыда 2300-ге жуық ауған жауынгері тұрады, бір алматылық ауған жауынгері хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Қазақстанда барлығы 15 мыңнан астам интернационалист-жауынгер тұрады. Соғыс 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін (2238 күн) созылды.