Атырауда мектепке «бомба» қойылғаны туралы жалған ақпарат таратушы іздестірілуде

Атырауда мектепке «бомба» қойылғаны туралы жалған ақпарат таратушы іздестірілуде
Cурет: pixabay.com

Жағдай Авангард ықшам ауданындағы мектептердің бірінде тіркелген

Атырауда «мектепке жарылғыш зат қойылды» деп елді дүрліктірген жалған террорист іздестіріліп жатыр. Ол хабарламаны мектептің электронды почтасына жіберген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Astanatv.kz сайтының жазуынша, бұл жағдай Авангард ықшам ауданындағы мектептердің бірінде тіркелген. Екінші сабаққа кірген мұғалімдер мен оқушылар дереу сыртқа шығарылды. Полиция жарылғыш затты іздестірді, ал балалар ауа-райының қолайсыздығына байланысты үйіне қайтарылды.

«Полицейлер 1300- ге жуық мектеп оқушылары мен қызметкерлерін эквакуациялады. Сондай-ақ мектепте ешқандай жарылғыштың жоқ екендігін анықтады. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігінің ресми парақшасына осындай хабарлама таратқан тұлғаны анықтау жұмыстары жүргізілуде»,-дейді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы  Мейірім Ердәулет.

Айта кетерлігі, бірнеше күн бұрын мектепте бомба бар деп хабарлаған Атыраудың тағы бір тұрғыны ұсталған еді.