Атамекеніне оралған алма

Атамекеніне оралған алма
almaty-akshamy.kz

1913 жылы Мәскеуде тарихтың төрінен орын алған ұмытылмас оқиға болды. Жоғарыдағылардың жаңаша жүре алмайтыны, төмендегілердің ескіше тұра алмайтыны әлсін-әлсін хабар беріп жүрген кез. Патшалы Ресей тарихында ең соңғы үлкен той болып өтті. Романовтар әулетінің тұғырдан таймай, таққа отырғанына 300 жыл толған. Үш ғасырлық осы торқалы тойда қазақтардың төбесі көкке бір елі жетпей қалды.

ЖАБАЙЫ АЛМАҒА 50 МИЛЛИОН ЖЫЛ БОЛДЫ

Әлемдегі ең үлкен империяны ғасырлар бойы уысында ұстап келген Романовтар әу­леті ол кезде барлық құрметке лайықты еді. Патша ағзам өткізген ұлан-асыр тойда жан- жақтан Мәскеуге келген сый-сияпатта шек болмады. Алайда, қазақ топырағынан барған тартудың орны бөлек болды. Ол кәдімгі алма болатын.

Алма болғанда қандай! Атты кісі аттан түсіп, жаяу жатып қарайтын еді. Алматы апортының даңқы осы сәтте бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп өтті. Тойға қазақ жерінен 30-дан астам адам барған болатын.

– Біздің қазақтың үш жүзінен барған ақ­сақалдар патша тойына Алматының апортын алып барған. Оның әрқайсысының салмағы 1 килограмм 200 грамм – 1 килограмм 300 грамнан шыққан еді. Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көріп, Алматының алмасы­на таңқалысады. Небәрі 300 грамның айнала­сындағы өздерінің «Антоновка» сияқты ал­маларын ғана көріп жүрген жұрт риза болғаны соншалық: «Мұны біздің патшамыз­дың құрметіне «Александра» деп атайық!» дейді сол жерде. Сөйтіп, біздің Алматының апорты сол атқа ие болып шыға келді. Негізі, апорт алмалар Қырғызстанда да бар, біздің елімізде де бар, басқа жерде де болуы мүмкін, бірақ нағыз апорт, өзінің топырағын тапқан апорт – Алматының апорты, – деген еді ға­лым-биолог Құнанбай Ысмағұлов.

Алматы апортының тарихы адамның ба­сын айналдырғандай еді. Ол араға миллион­даған жылдар салып, атамекеніне қайта оралған алма ағашының жемісі. Жер шарын шыр айналып шыққан алма ағашы, ақырын­да, өз топырағын қайта тапқан. Ол – алмалы Алматының айналасы болатын.

Әр нәрсенің де отаны болады. Бұл орайда біздің қазақ мақтана алады, әлем ғалымдары­ның айтуынша, есте жоқ замандардан бері жасап келе жатқан алма ағашы басқа жерлер­ге о басында қазақ жерінен барған. Оның мұнда, біздің аймақта өсе бастағанына 50 миллион жыл болды. Оны ғалымдарымыз­дың өздері айтып отыр.

– Қазіргі Қазақстан жерінде керемет ал­малардың өсетіндігін қытайлар 1240 жылдан бастап жаза бастаған, сондай-ақ алма тұқы­мының осы жерден таралғанын да айтқан. Ал біздегі жабайы алмалар осыдан 50 миллион жылдай бұрын да осында өскен, жер жүзіне осы өңірден тараған. Жабайы алманы ешкім қолдап, қорғап отырмайды, ол өзі дарви­низмнің эволюциялық даму заңдылығында­ғыдай, өзін-өзі сақтап, табиғи сұрыпталып, дамып жетіліп, таралып отырған. Мұны біздің лабораторияда Ботаника институты­ның ғалымдары әлемдік деңгейде зерттеп, дәлелдеп берді, – деді, әңгіме арасында марқұм, ҰҒА академигі, биолог-ғалым Ай­мақ Жанғалиев біздің ғалымдарымыздың қол жеткізген жетістіктері жайында.

БІЗДЕ ЖАБАЙЫ АЛМАНЫҢ  131 ТҰҚЫМЫ БАР

Апортқа қатысты естен шығаруға бол­майтын жәйттер де бар. Ол Алматыда әлім­сақтан өседі. Жалпы, Алматының тарихын жақсы білетін адам оның алмасы жайында айтпай тұра алмайды. Көне заманда Алматы­ның «Алмалы» деп аталғаны да тегін емес. Ал оның бір кездері «Верный» деп өзгеруі патшалы Ресей зорлық-зомбылығының ғана айғағы болып қалғанын бұл күнде елдің бәрі біледі. Алматы апортының берідегі тарихы да осы тұспен тікелей байланысты. Оны сырттан келіп қоныстанушы келімсектер өз­дерімен бірге қайта ала келген. Алайда, бұл әңгіменің өзі жабайы алмадан бастау алады.

– Біздің жерімізде жабайы алманың 131 тұқымы бар, барлық алма түрі біздің жерден ғана тараған. Мынаған көңіл бөлу керек: Оксфорд университетінен келген ғалымдар бізбен бірге бір жыл жұмыс істеді. Оларда, жалпы ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп есептеледі. Осында келіп, бізбен араласып, менің еңбектеріме қарап жұмыс істегенде өздері түсінді, барлық сол 2500 сорттың бәрі осы Жоңғар, Іле Алатауының бойынан тараған, дамып жетілген түрлер еді. Ал оны о баста бірінші тапқан Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте біздің Алакөлге келіп, Тарбағатай тауының Үржар маңында­ғы керемет өсіп тұрған алмаларды көріп: «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестір­ ген емеспін», деп жазып, дүние жүзіне мәлім етті. Ол алманың сорты, сөйтіп, сол кісінің атымен аталып кетті. Одан кейін Қырғыздың жабайы алмасы, сосын қызыл алма – жабайы алманың осы үш түрі белгілі болды. Ең қы­зығы, алма біріне-бірі ұқсаған жоқ, – деп қа­йырды академик ағамыз әңгімесін.

Алма туралы айтқанымызда, тіл ұшында оңтүстік астанамыздағы Ботаника бағы тұра­ды. Өйткені, алманың әрбір жаңа сорттары­ның дүниеге келуіне осы ғылыми-тәжіри­белік орынның ерекше қатысы бар. Жалпы, Ботаника бағында өсімдіктің 7 мың түрі өсіріледі. Оның 450-і дәрі-дәрмек жасайтын, ал 400-дейі құрып бара жатқан өсімдіктер.

– Бұрынғы кездің өзінде жоғары жақтан келген ғалымдар таңқалысып «Оу, мынаны қайдан алғансыздар, бұл тіпті бізде – Мәскеу­де, Ленинградта жоқ қой» деп жататын. Шындығында, біздің Ботаника бағы үшінші- төртінші орыннан түскен жоқ еді. Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларындағы Ботаника бақтары ғана бізден сәл ілгерілеу болатын, алайда оларда жоқ, олар қол жеткізе алмаған өсімдіктер біздің бақта жайқалып тұрды.

Соның ішінде алманың әртүрлі сорттары да бар. Сондай сирек кездесетін өсімдіктердің бірі, мысалы, спрянтус еді (тобылғы сияқты). Ол біздің Қаратауда ғана кездеседі. Бұл өсімдікке өз уақытында атақты Темірлан қатты қызығып, арнайы қолға алып Самар­қандта өсірмекші болған. Ол туралы Борис Александрович Быков деген академик өзінің зерттеу еңбегінде жазған.

Осындай тағы бір бағалы өсімдіктің бірі, мысалы, Тянь-Шань шыршасы, яғни өзіміз күнде көріп жүрген шырша. Бұл бізде көп болғандықтан, бағасын біле бермейміз, әйт­песе бұл Жерорта теңізінде өсетін өсімдік­терге қарағанда әлдеқайда бағалы. Оның ағашы, оның адамзатқа беріп отырған ауасы (кислород), тіпті, айта берсе көп. Басқасын қойғанда, одан алынатын спирттің өзі бағалы болып табылады, қаланы көгалдандыру қол­ға алына бастаған кездері Ботаника бағы ал­дымен осы ағашты көп отырғызуды қолға алып еді, – деді өз саласын жетік білетін биология ғылымының кандидаты Сабыр Тұрдиев Алматының айналасында, осындағы Ботаника бағында өсетін өсімдіктер туралы қызықты әңгімесінің арасында.

БИІКТЕ ӨСКЕНДЕ ҒАНА НАҒЫЗ АПОРТ БОЛА АЛАДЫ

Ал алманың о басында қазақ топырағы­нан тарағанын біздің ғалымдарымыз дәлел­деп берген. Араға талай ғасырлар салып, бір елден екінші елге көшіп жүрген алма ағашта­ры Жер шарын шыр айналып шыққан. Алма­тының апорты деп танылған алма ағашының тарихы да солай.

– Ол бұрын Еуропада өсіп, содан Ресейге келді. Бірақ ол жерде азғантай ғана сорттары болды ол кезде. Одан 1904 жылдардың айна­ласында елімізге келіп жатқан келімсек­тердің бірі, өте ұқыпты шаруаның бірі Редько деген кісі Алматыға ала келген. Ол ғана емес, Моисеевтер отбасы да дәл осылай өздерімен бірге алма ағаштарының көшеттерін ала келіп, Алатаудың бауырына отырғызған. Бұл жемістер кейін жақсы өнім беріп, қып-қы­зыл, тәп-тәтті кәдімгі Алматының апортына айналып шығады. 1913 жылы сол Романов­тар әулетінің 300 жылдық торқалы тойына апаратын алмалар осылардың жемісі еді. Алматының апорты мақтаныш үшін, әрине, өте керемет жеміс. Басқа жақта дәл бұлай өспейді. Бірақ шындығын айтқанда, оны күтіп-баптаудың қиындықтары өте көп. Оның толыққанды жеміс беруі үшін белгілі бір шарттары мен тәртіптері бар.

Ол, біріншіден, биік таудың басында, белгілі бір өзіне тән биіктікте өскенде ғана нағыз апорт бола алады. Оның топырақты тез арада құнарсыздандырып тастайтын қасиеті тағы бар. Апортты өсіру үшін осының бәрін ойластырып отырмаса, түрі ұқсағанмен, өзі нағыз апорт болып шыға қоймайды. Шетел­дердің ғалымдары апортқа емес, біздегі жа­байы алманың сорттарына, соның тұқымына қатты қызығады. Өйткені, өзін-өзі жаңартып, жасартып, жетілдіріп отыратын алмалар. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді, оның үстіне алманың жаңа сорттарын алуға өте қолайлы. Мысалы, Американың Канадамен екі арасындағы Невада штатының табиғаты аса қолайлы аймақ емес, суық жер. 43–45 градусқа дейін суық болатын аймақ өзі. Сол жерге біздің алмамызды апарып егіп еді, біздің алмамыз өте мықты болып шықты. Жалпы, жаңа сорттар алу үшін будандастыру мақсатында да біздің жабайы алмамыздың тұқымына қызығып жүрген ел көп, – деді өз саласына қарай көбірек ден қойған академик Аймақ Жанғалиев.

Әр нәрсенің өз уақыты болады. Шетел ғалымдарын қазір апорт алмасы емес, жаба­йы алма қызықтыра бастады. Өйткені, апорт­тың арғы атасы – жабайы алма. Мәселен, Америка ғалымдарының он екі жылға шарт жасасып, жабайы алма тұқымын сақтап қалу үшін 3 миллион доллар қаржы бөлуінің өзі осының айғағы. Бұл – алма тарихы одан ары жалғаса береді деген сөз.

Ә.ИСЛАМХАНҰЛЫ

«Аlmaty-akshamу», №86, 20 шілде, 2023 жыл