«АрселорМиттал Теміртау» кесірінен 200 жуық адам жұмыссыз қалды

«АрселорМиттал Теміртау» кесірінен 200 жуық адам жұмыссыз қалды
Сурет: Kaztag.kz

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қарағандылық кәсіпорынға 2 млрд 610 млн теңге қарыз.

Нәтижесінде фабриканың қызметі тоқтап, 200-ге жуық адам жұмыссыз қалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Майқұдық ҚҚ "СҮ" - 2022 жылы өңір бойынша "Сенімді салық төлеуші" және "Сенімді өндіруші” номинациялары бойынша үздік деп танылған компания. Компания құрылымында жер қойнауын пайдаланушы өзге де кәсіпкерлік субъектілері бар.

2022 жылғы 17 тамызда "Майқұдық ҚҚ "СҮ" ЖШС мен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ арасында №4600025567 келісімшарт жасалды.  
2022-2023 жж. "KAZ Феррит" ЖШС өндірілген көмір концентратын “Арселорға” осы келісімшарт шеңберінде жөнелтіп отырды. “АМТ” АҚ тарапынан концентраттың сапасы, жеткізу мерзімі немесе шарттың басқа талаптары бойынша бірде бір ескерту болған жоқ. Келісімшарт 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалғанына қарамастан, “АМТ” АҚ концентрант алуды маусым айынан бастап ешқандай түсіндірусіз тоқтатты. 
Бұл жағдай "KAZ Феррит" фабрикасының қызметін тоқтатуға, салық аударымдарын кешіктіруге, жұмыссыздыққа алып келді. (Кәсіпорында "Самұрық Қазына Инвест" ЖШС арқылы мемлекеттің де үлесі бар). 

“АрселорМиттал Теміртау” АҚ қазір шетелден көмір концентратын сатып алып отыр. Ал жоғары сапалы және қажетті көлемде өнім шығаратын отандық зауыт жабылғалы тұр. 

Сондай-ақ, “АрселорМитталТеміртау” компаниясы 33 тонна концентратты сатып алғаны үшін 2 млрд 610 млн теңге қарыз. 

"Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап кәсіпорын өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Барлық ұжым ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Зауыттың жабылуы екі жүзден астам жұмыскер мен олардың отбасыларының материалдық әл - ауқатына кері әсерін тигізеді, көптеген жұмысшылардың несиелері бар", - дейді "Kaz Феррит" ЖШС директоры Көпбаев Бекжан Өмірбекұлы.

"АМТ” АҚ тауар жеткізілген күннен бастап 25 күнтізбелік күн ішінде төлем жүргізуге міндетті. Мерзімі өткен берешек туралы жүйелі түрде хаттар жіберілді. Берешекті ерікті түрде өтеуден бас тартқан жағдайда, сотқа талап-арызбен жүгінетініміз туралы хат жолдадық", - дейді "Майқұдық ҚҚ" СҮ " ЖШС директоры Дулат Нұрғалиұлы Нұрғалиев.

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Заңға сәйкес, мемлекеттің ынталандыру шараларының бірі ішкі нарықты қолдау, отандық өндірісті дамыту болып табылады. 
Кәсіпорын ұжымы мемлекет бұл жағдайға шұғыл араласуы тиіс деп есептейді. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қазақстандық қамту туралы нормаларды орындап, отандық өндірушілерді қолдауы тиіс.