Арал теңізінің түбіне сексеуіл егіледі

Арал теңізінің түбіне сексеуіл егіледі
Сурет: Baribar.kz

Іле-Балқаш қорығынан 14,5 тонна сексеуіл тұқымы Қызылорда облысына жөнелтіледі

Оларды жинау үшін Алматы облысындағы ұлттық парк пен қорықтарының мамандары жұмылдырылды. Жұмыстар шамамен бір айға созылды. Тұқым Арал теңізінің тартылып кеткен түбіне егіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл топырақты нығайту және Орталық Азия аймағына жайылған «тұзды дауылдар» санын азайту үшін қажет. Сексеуіл ауқымды аумаққа отырғызылатындықтан, отандық ғалымдар авиацияны пайдалануды ұсынды. Тұқымдар теңізге арнайы техникамен жабдықталған ұшақтардан шашылады. Сексеуіл егу «Қазәуеорманқорғау» мекемесіне тапсырылыпты. Жобаға арнап Ан-2 типті 4 ұшақты пайдалану жоспарлануда. Аэросебу биыл желтоқсан айының басында басталуы тиіс.

«Орман алқабын анықтау барысында орманнан тұқым жиналатын учаскені анықтағаннан кейін ол учаскеден үлгі алынып, арнайы зертханаға тексеруге жіберіледі. Зертхананың берілген сынып-сапасына сәйкес, бірінші, екінші, үшінші класс немесе себуге болмайды деген анықтама беріледі», - республикалық Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы оңтүстік-шығыс аймақ өкілі Ғани Тұрықбаев.

Айта кетейік, сексеуіл егу жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған ел аумағына жасыл желек егу бойынша ауқымды бағдарлама аясында жүргізілуде. Жоспар бойынша, төрт жыл ішінде Қазақстанда 2 млрд ағаш отырғызылмақ.