Анаға да, балаға да үлкен қолдау

Анаға да, балаға да үлкен қолдау
almaty-akshamy.kz

Алматыда мүмкіндігі шектеулі, ерекше күтімді қажет ететін балалар тәрбиелеп отырған 100-ден астам әйел «Мама Pro» қоғамдық қорының қолдауымен кәсіпкерлік саласында білім алып шықты.

Иә, дімкәс бала тәрбиелеу оңай емес, ол үшін төзім, сабыр ауадай қажет. Сондай-ақ, күйзеліске түсіп кетпей, өзін-өзі дамытып отыруы керек. Міне, оларға осы тұрғыда «Мама Pro» қоғамдық қоры көмекке келеді. Елімізде 2018 жылы негізі қаланған аталмыш әлеуметтік осал топқа жататын әйелдерді қолдау және дамыту қоры мүгедек балалар тәрбиелеп отырған аналарға кәсіпкерлік саласындағы заманауи білім алуға көмектеседі.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары қор тарапынан баладан қол үзбей, бизнесті ашу және жүргізу бойынша заңдық, психологиялық және арнайы кеңес ала алады, сонымен қатар онлайн қатысуға да мүмкіндігі бар. Баладан қол үзбей деп отырғанымыз, ата-аналар түрлі курсқа, семинарларға қатысып отырғанда, балаларына тәрбиешілер қарайды. Яғни алаңдамайды. Сапалы білімнің нәтижесінде ерекше баласы бар әйел-аналардың көбі бүгінде жеке кәсіпке бет бұрып, өз ісін аша бастады.

– Қазір біз кәсіпкерлік негіздері курсының төртінші курсын аяқтадық, Бүгінде түлектеріміз өз бизнес-идеяларын ұсынып жатыр. Бұл – әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы жобалар, церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығы, саумотерапия, кеңсе техникасын енгізу, үйден пісірілген торттар, тігіншілік, қазақ тілінде шешендік өнер курстары. Қордың Алматы филиалы 2019 жылы ашылды. Осы уақыт аралығында талай отбасына қуаныш сыйладық десек қателеспейміз, – дейді «Mama Pro Almaty» ҚҚ филиалының жетекшісі Елена Ким.

Иә, курс түлектерінің 99%-ы отбасындағы эмоционалдық жағдайдың жоғарылағанын айтқан. 60%-ы өз жобаларын іске асыра бастайтынын, ал 67%-ы жаңа мамандықтар таңдап, жаңа кәсіп игеруге талпынып, білімін әрі қарай жетілдіру үшін оқуға қатысатынын жеткізген.

– «Мама pro» қорымен ынтымақтастық аясында жуырда «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының қызметкерлері «Qoldaý Start» жүйесі бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша мастер-кластар сериясын өткізді. Онда аналарға бизнес-жоспарлар жазуға көмектесті, тыңдаушылардың бухгалтерлік есеп жүргізу, салық салу, маркетинг және баламалы өткізу нарықтарын іздеу саласындағы өзекті сұрақтарына жауап берді, – дейді «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының корпоративтік даму және жаңа жобалар департаментінің директоры Ақбота Рүстембекова.

Жақында қордың Алматыдағы филиалы ерекше қажеттіліктері бар балалардың жасөспірім аға-әпкелері үшін де арнайы курс ашты.  Себебі, оларда көп жағдайда мүгедектігі бар бауыры үшін өзгелер алдында ұялу, өзін қолайсыз сезіну сезімі байқалады екен. Сондықтан мұндай балаларға да психологтардың көмегі қажет көрінеді. Әрі олар көбіне ата-анасының назарына тыс қалып жатады. Өйткені әке-шешенің бар көңілі көбіне ауру балада болады. Міне, осы орайда ерекше балаларын бағып-қағып отырған үш ана баланы оңалту алдымен ананың өзін сауықтырудан басталатынын түсініп, орталық ашты. Бүгінде баланың диагностикасына бағытталған орталық көп, ал аналарға ештеңе жоқ. Мұндай мәселеге тап болған әйел күйзеліске түседі, сосын өзін жалғыз сезінеді. Міне, олардың жанынан осы кезде «Мама Pro» табылып жүр.

Таяуда аталмыш қор мемлекеттік тілде курстар ашуды жоспарлап отыр. Мамандардың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 100 мыңнан астам бала тұрады.