Алматының қай жерінде 5G бар?

Алматының қай жерінде 5G бар?
Сурет: Сomputerra.ru

Қазақстанда 5G желісі ең алдымен елордада, сосын Алматы қаласында пайда болады.

Ал облыс орталықтарында 2023 жылдан кейін орнатыла бастайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5G әзірше Алматының кей аймақтарында ғана қолжетімді болып тұр. Олардың бірі – қала тұрғындары жиі серуендейтін Панфилов көшесі. Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры мен Қарасай батыр көшесі аралығында 5G желісін ұстайтын ұялы телефоныңызбен ең жылдам интернетті сынап көруге болады.

5G осы аптадан бастап Медеуде іске қосылады. Оны министрліктің қолдауымен отандық ұялы операторларының бірі қолға алған. Қалалық цифрландыру басқармасының сөзінше, мемлекет тестілеуге арналған жиілік диапазонын ұлғайтуға мүмкіндік берген. Ал ары қарай желі ұстайтын аумақты кеңейту ұялы байланыс операторларының қолында.

Әлемнің 42 елінде қолжетімді болған 5G алдыңғысымен салыстырғанда 10 есе жылдам жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, 5G толық метражды фильмді бір секундта жүктеуге қауқарлы екен.