Алматының маңында жылыжай кешені ашылды

Алматының маңында жылыжай кешені ашылды
Сурет: Almaty.tv

Алматының маңында жылыжай кешені ашылды

Еліміздегі ең ірі мегаполистің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінің Қаратөбе елді мекенінде ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін «Eurasian Green Product» ЖШС-нің құрылтайшылығымен жылыжай кешені ашылды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарға сілтеме жасап.

Кешеннің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев шараға жиналған қауымды негізінен экспорттық бағытта жұмыс жасайтын ауқымды жылыжайдың іске қосылуымен құттықтап, өңір басшысы Амандық Баталовтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді. Жылына 3.5 мың тонна қызанақ өндіретін кешенге «Бизнесті қолдау» жол картасы бағдарламасы аясында облыс тарапынан қолдау көрсетіліп, кешеннің инфрақұрылымын қалыптастыруға 330 млн. теңге жұмсалған екен. Жаңадан 100 жұмыс орны ашылып,аудан бюджетіне жылына 100 млн. теңге төлем түседі деп көзделуде.

Осыдан кейін сөз алған «Аграрлық несие корпорациясы» ауционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айболат Әбенов осыдан үш жыл бұрын аталған жобаны қаржыландыруды қолға алып, мемлекеттің қолдауымен бөлінген 3,7 млрд. теңгенің нәтижесінде елімізде баламасы жоқ жаңа жылыжай кешені пайда болғанын қуана жеткізді.  Алдағы уақытта осы кешеннің жанынан  тағы 5 гектар алқапқа қияр өсіретін жылыжай тұрғызу жоспары бар екен. Айболат Жақсылықұлы «Аграрлық несие корпорациясы» бұл жобаға да қолдау көрсететінін айтып, кешен қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде «Eurasian Green Product» ЖШС құрылтайшыларының бірі Жандос Тұрссынғалиев өндірістік салтанатты шараның қонақтарына жылыжай кешенінің жұмысы мен болашақтағы жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Аталған компания бұған дейін де  ауылшаруашылығы саласында біршама шаруалар атқарған болатын. Ал, бұл жолы жылына 3 407 тонна қызанақ өсіретін, Голландияның ең соңғы технологиясы бойынша салынған алып кешен өндіріске енгізіліп отыр.   Аталған жобаға  5,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 100-ден аса жергілікті тұрғын тұрақты  жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Осы арқылы Алматы облысы мен қаласын аса сапалы қызанақпен қамтамасыз етіп, Ресейге экспортқа шығару жүзеге асырылуда. Үшінші кезеңге арналған жоспар бойынша осы жерден көкөніс пен жеміс сақтау қоймасы салынады деп күтілуде.

Өндірістік жылыжай кешенінің лентасын қиғаннан кейін қонақтар жылыжайдың ішін аралап, өндірістік құрылымдармен танысты. Соңынан  кешеннің алдына көк желектерді отырғызу дәстүріне кезек берілді.