Алматылық мультипликатор «Әбілқайыр» картинасына «жан бітірді»

Алматылық мультипликатор «Әбілқайыр» картинасына «жан бітірді»
Сурет: 24.kz

Анимация көмегімен қазақ жауынгерлерін «тірілткен» мультипликатор тарих пен өнерді насихаттағысы келеді.

Мультипликатор Глеб Пономарев Талғат Тілеужановтың «Әбілқайыр» картинасын негізге ала отырып, бейнебаян жасаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Мультипликатор қазір жастардың сурет көрмелеріне бара бермейтінін айтуда. Есесіне бәрі әлеуметтік желіні қолданады. Сол себепті де осы формат арқылы ол тарих пен өнерді насихаттауға үлес қосуды көздеген. 

Мультипликатор үшін мұндай ауқымды картинаға «жан бітіру» оңай болмаған. Бұл өте ыждағаттылықты қажет ететін жұмыс. Глеб онда бейнеленген әрбір кейіпкерден бастап, киім-кешегі мен сауыт-сайманына дейін баса мән берген. Оған қоса, табиғатқа да жан бітіреді. Соның  бәрін 100 бетке бөліп, әрқайсысын қолмен өңдеп шыққан. Нәтижесінде байрақ желбіреп, жылқылар кісінеп, күн күркіреп, бұлт жөңкіген көрініс пайда болды. Ол басты картина ретінде Талғат Тілеужановтың «Әбілқайыр» картинасымен жұмыс істеген. Видео толық болу үшін Есенғали Садырбаевтың «Дала» суретін де қолданды.

«Бұл біздің тарихымыз емес пе? Өз басым суретті алғаш көргенде оның атмосферасына таңғалдым. Онда сарбаздардың Аңырақай шайқасына кірер алдындағы дайындығы бейнеленген. Суретте жауынгерлердің жүзі қатал, сұсты етіп салынған. Осы эмоцияны басқаларға жеткізгім келді. Жалпы, бәрі үйлесімді болып шықты. Түсіне өзгеріс енгізіп, анимация жасадым», - дейді мультипликатор Глеб Пономарев. 

Бұл мультипликатордың картиналарға жан бітірген  алғашқы жұмысы емес. Осы бағытта жасалған бірнеше еңбегі бар. Ол қолы бос уақытында осындай ерекше видеолар жасаумен айналысады. Пономарев тарихи туындылардың бұқаралық ақпарат құралдарында, кинода және әлеуметтік желілерде көбірек болғанын қалайды.