Алматыда ЖРВИ-мен ауырғандардың 66 пайызы - балалар

Алматыда ЖРВИ-мен ауырғандардың 66 пайызы - балалар
Сурет: Ашық дереккөз

Қалада В және А типті тұмау вирустары (H3N2) айналымда

Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекцияны (ЖРВИ) балалар көп жұқтырған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Өткен аптада қалада ЖРВИ-дің 21 972 жағдайы тіркелген. Бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 13,8% - ға жоғары. Дегенмен, қалада ЖРВИ-мен ауыру балалар арасында көп тіркелді. Олардың үлес салмағы 66,9%- ды құрады.

Сондай-ақ, ағымдағы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері қалада В және А типті тұмау вирустары (H3N2) айналымда. Жалпы тұмаумен сырқаттанудың 115 жағдайы тіркелді. Оның ішінде В типті  114 жағдай және А типті (H3N2)-1 жағдай, барлық науқастар ем алды.

Осыған байланысты, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қала тұрғындарын ЖРВИ, тұмауға қарсы алдын алудың жалпы шараларын сақтауға шақырды.

- ЖРВИ-мен ауыратын науқастармен жанасудан аулақ болыңыз, ал егер байланыс сөзсіз болса, онда маска киіп, оксолин майын қолданыңыз;

- ауруға шалдыққан жағдайда үйде болу, өзін-өзі емдеумен айналыспау, медицина қызметкерін шақырып, отбасы ортасында немесе ұжымда болған кезде маска кию, дәрігердің тағайындауы бойынша ем алу қажет;

- түшкіру және жөтел кезінде аузыңызды қолыңызбен, майлықпен, орамалмен жауып, қолыңызды мүмкіндігінше жиі жуыңыз;

- иммундық жүйені арттыру: С витаминін және дәрігердің ұсынысы бойынша басқа дәрі-дәрімектерді қолдану;

- ЖРВИ және тұмау ауруларының өршуі кезеңінде қашықтықты сақтау, бұқаралық іс - шараларға (соның ішінде алдағы жаңа жылдық корпоративтер мен мерекелерге) баруды қысқарту, ал ауру белгілері бар адамдарға - үйде болу және дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу ұсынылады;

- ылғалды тазалаумен үй-жайларды жиі желдету керек;

- сырқаттанған балаларды ұйымдастырылған ұжымдарға, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне, әсіресе, жаңажылдық ертеңгіліктер мен шыршаларға жібермеу.