Алматыда ЖРВИ-ға шалдыққандардың саны айтарлықтай азайған

Алматыда ЖРВИ-ға шалдыққандардың саны айтарлықтай азайған
Сурет: Spb5-kuban.ru

Бұл дертке шалдыққандардың 66,9 пайызы балалар. 

Өткен аптада Алматыда жіті респираторлық вирусты инфекцияның 3099 жағдайы тіркелді, бұл наурыз айының соңымен салыстырғанда 3,76 пайызға төмен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратына қарағанда, жіті респираторлық вирусты инфекцияны жұқтырғандардың 66,9 пайызы балалар. Ауруханаға барлығы 286 науқас жатқызылды, оның ішінде 11-і жүкті әйел, 89-ы бір жасқа дейінгі нәресте.

«Ағымдағы эпидемиологиялық маусым басталғалы тұмаудың 51 жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, қалада респираторлық синцитиальды вирус, аденовирус, риновирус және коронавирус сияқты тұмауға жатпайтын басқа ЖРВИ вирустары айналымда», - деп хабарлады ведомстводан.

2021 жылы жергілікті әкімшіліктің қаражатына ерекше топтағы адамдарды тұмауға қарсы егуге 170 926 доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды.

Еске салайық, қалада екпе салу маусымы 15 қыркүйекте басталды. Тұмауға қарсы вакцинаны 184 мыңнан астам адам алды. Оның ішінде жекеменшік медициналық орталықтарда жұмыс берушілер есебінен 10 260 адам, өз қаражаты есебінен 2 973 адам егілді.