Алматыда жыл соңына дейін 500-ге жуық ақылды бағдаршам қосылады

Алматыда жыл соңына дейін 500-ге жуық ақылды бағдаршам қосылады
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда бағдаршамдарды адаптивті басқару жүйесін енгізу аяқталады

Алматыда биыл жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі (ЖҚБЖ) жобасын іске асыру жалғасады. Көшелердің өткізу қабілетін арттыру мақсатында жүйеге қаланың барлық бағдаршамы қосылады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Жобаны іске асырудың бірінші кезеңі 2021 жылы, ЖҚБЖ -ға 93 бағдаршам қосылған кезде басталды. Сонымен қатар, орталық басқару пунктінің үй-жайларын, мамандандырылған жабдықтарды қайта жаңарту жүргізілді және бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылды. Сонымен бірге, жалпы ұзындығы 56,5 км болатын жаңа талшықты-оптикалық байланыс жүйесі салынды. Барлық 93 бағдаршам нысаны еуропалық электронды жабдықтармен толықтырылды.

Алматы қалалық мобилділік басқармасының хабарлауынша, биыл басталатын жобаның екінші кезеңі аясында қалған 498 бағдаршам нысандарын жаңғырту жоспарлануда. Жұмыс осы жылдың екінші жартыжылдығында Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесі аясында басталып, жыл соңына дейін аяқталады.

«Соның нәтижесінде бағыттар бойынша нақты қозғалыс қарқынын ескере отырып, нақты уақыт режимінде қиылыстардағы жол қозғалысын реттеу қамтамасыз етіледі. Яғни, сенсорлар мен камералар келесі қиылысқа көліктің нақты санын жібереді. Тиісінше, кері санақ тақтасы адаптивті режимде жұмыс істейді», - деді қалалық мобилділік басқармасы. 

Болашақта жүйеге бағдарламалық қамтамасыз етуді біріктіру жоспарлануда, бұл қиылыста мамандандырылған және қоғамдық көлікке басымдық беруге жол ашады.